Жаңалықтар

Несие алудан өз еркімен бас тартқан қазақстандықтардың саны белгілі болды

3 млн азамат «несиеден ерікті түрде бас тарту» белгісін қойған / Фото: kursiv.media

Шамамен 3 млн қазақстандық алаяқтықтан қорғану үшін несие алудан ерікті түрде бас тартқан. Бұл туралы ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі (ҚНРДА) хабарлады.

ҚНРДА төрайымы Мәдина Әбілқасымованың айтуынша, бүгінде шамамен 3 миллион азамат «несиеден ерікті түрде бас тарту» белгісін қойған. Бұл норма күшіне енген уақыттан бері 4 миллионға жуық адам осы мүмкіндікті пайдаланған.

Бұл неге маңызды

Әбілқасымова бұл шараның тиімділігі дәлелденгенін айтады. Бастысы азаматтарды олардың келісімінсіз рәсімделетін алаяқтық несиелерден қорғауға көмектеседі.

«Бұл – тиімді шара. Егер азаматтың атына алаяқтық жолмен несие рәсімделсе, ал оның жүйеде несиеден ерікті түрде бас тартқаны белгіленсе, қаржы ұйымы бұл несиені сотсыз және тергеусіз есептен шығаруға міндетті», – деп түсіндірді агенттік басшысы.

Бұл бас тарту деректері арнайы жүйеде тіркеледі. Несие рәсімдеу әрекеті кезінде банктер мен микроқаржы ұйымдары бұл шектеуді көреді. Алаяқтық жағдайында қаржы ұйымы мұндай несиені сотқа жүгінбей-ақ жоюы тиіс. Бұл азаматтардың жеке деректері мен қаржылық қауіпсіздігін қорғауға арналған құрал.

«Стоп кредит» дегеніміз не?

«Стоп кредит» — бұл eGov.kz порталындағы және е-GOV mobile мобильді қосымшасындағы тегін мемлекеттік қызмет, оның көмегімен азаматтар өз атына қолданылу саны мен мерзімі бойынша шектеулері жоқ, яғни бірнеше рет шектеусіз уақытқа кредиттер мен микроқарыздар беруге уақытша тыйым сала алады. Сондай-ақ, пайдаланушы кез келген уақытта кредиттер мен қарыздарды алуға белгіленген шектеулерді алып тастай алады.  

Айта кетейік егер сіз осы қызметті іске қоссаңыз және сіздің атыңызға алаяқтар банктік қарызды немесе микрокредитті заңсыз ресімдеген болса, онда банк немесе МҚҰ оны есептен шығаруға міндетті болады. Мұндай норма Агенттіктің бастамасы бойынша 2024 жылғы 1 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізілді.

Осыған дейін Ринат Зайытов алаяқтық жолмен рәсімделген несиені банктердің өзіне жүктеуді ұсынған еді. Депутат мұндай талап қойылса, банктердің киберқауіпсіздікке мүдделі болып, алаяқтық жағдайлар азаятынын айтады.

Еске салсақ, осыған дейін Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов елімізде былтырдан бері 12 мың адам банкрот ретінде бекітілгенін мәлімдеген болатын. Олардың жалпы сомасы 27 млрд теңге болатын қарызы кешірілген.