Жаңалықтар

Алматы мен Астана арасында жылдам теміржол салынбайды

Фото: shutterstock, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Астана мен Алматы арасында жоғары жылдамдықтағы теміржол салу – экономикалық тұрғыдан тиімсіз. Бұл туралы «Жолаушылар тасымалы» АҚ басқарма төрағасы Әнуар Ахметжанов брифингте мәлімдеді.

«Жоғары жылдамдықтағы пойыз тақырыбы жиі қозғалады. Біз бұл мәселеге экономикалық тұрғыдан қараймыз. Жақында Қытай әріптестерімен сөйлестім. Олар жоғары жылдамдықты пойыздың өзін-өзі ақтауы үшін бір бағытта кемінде 60 жұп пойыз жүруі керек дейді. Қытайда халық көп болғандықтан, олға қолайлы. Ал бізде ондай жолаушы жоқ», – деді Ахметжанов.

Оның айтуынша, мұндай жолды салу үшін жеке магистраль қажет, бұл инфрақұрылымға орасан инвестиция талап етеді.

«Астана мен Алматы арасында жоғары жылдамдықты жол салу үшін кемінде 10 млрд доллар қажет. Бірақ күніне бар болғаны 3–4 мың жолаушы тасымалданады», – деді ол.

Компания басшысы барлық есеп жүргізілгенін, қазіргі жағдайда жобаның экономикалық негіздемесі жоқ екенін атап өтті.

Бұған дейін, 2013 жылдың қаңтарында экс-президент Нұрсұлтан Назарбаев Астана – Алматы бағыты бойынша жылдам теміржол салуды тапсырған болатын. Жаңа жол Балқаш көлі арқылы өтіп, жол қолданыстағы бағытпен салыстырғанда 400–500 км қысқарады деп жоспарланған. Бұл желіде сағатына 250 шақырым жылдамдыққа жететін қазақстандық Talgo пойыздарын іске қосу көзделген еді.

Бұған дейін компания пойыздарда спутниктік интернет қосып жатқанын хабарлаған.