
Қазақстандық балалар психологы Жанар Сейітмағамбет балалардың гаджетке тәуелді болуының себептерін түсіндіріп, одан арылудың жолдарын айтты.
Маманның айтуынша, үш жасқа дейін балаға мүлдем гаджет беруге болмайды. «Бүгін LIVE» бағдарламасына берген сұхбатында ол тәуелділік бір әрекетті қайта-қайта орындаудан пайда болатынын атап өтті.
«Баланың телефонға тәуелді екенін мынадан байқауға болады: егер ол гаджетті оңай берсе, онда тәуелділік жоқ. Ал жылап, айрылғысы келмесе, бұл – дабыл белгісі», – деді психолог.
Жанар Сейітмағамбет ата-аналардың мұндай жағдайда белсенді араласуы керек екенін айтты.
«Виртуалды әлем шынайы өмірден маңыздырақ болғанда, ал ата-ана жеткілікті көңіл бөлмесе, бала сол ортаға кетеді. Тәуелділікті болдырмау үшін баланың өмірін дұрыс ұйымдастыру қажет. Қазір виртуалды орта балаларды ата-анасынан алыстатып жатыр. Өйткені бала ересектерден көргенін қайталайды», – деді ол.
Психологтың айтуынша, 11 жасқа дейін балаларға тек қана қоңырау шалуға арналған қарапайым батырмалы телефонды пайдалануға кеңес беріледі. Себебі дәл осы кезеңде баланың миының алдыңғы бөлігі, психоэмоционалдық дамуы мен ерік-жігері қалыптасады.
Сонымен қатар, гаджетті шамадан тыс қолдану баланың дамуына кері әсер етеді.
«Телефоннан бас алмайтын балада сөздік қоры жұтаң болады, ойын анық жеткізе алмайды. Виртуалды ортадағы ақпараттың жылдам ағымы миды шаршатады. Болашақта мұндай балаға зейін қою қиынға соғады», – деді маман.
Жанар Сейітмағамбет телефонды біржола алып қоюдың да дұрыс емес екенін атап өтті. Оны күніне 1-2 сағатпен шектеу, уақыт өте келе азайту және гаджетті пайдалы әдеттермен алмастыруды ұсынды.
«Балаңызбен сөйлесіңіз, оның не іздейтінін, нені қалайтынын түсінуге тырысыңыз. Сонда ғана оны телефоннан алыстатып, үйлесімді дамуына көмектесе аласыз», – деп түйіндеді психолог.
Мұның алдында гаджеттердің бала үшін пайдасы мен зияны туралы хабарлаған едік.