
Депутат Еділ Жаңбыршин қазақ даласындағы кейбір ұлттық көтерілістерді ҰҚК мен ІІМ әлі күнге құпия ұстап отырғанын айтты.
Мәжілісте «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне архивісі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасы қаралды. Заңды талқылау барысында депутат Жаңбыршин кеңес одағының кезінде батыс аймақтарда қанды саясатқа қарсы бірнеше көтерілістер болғанын айтты. Атап айтқанда Адай, Асан көтерілістері, Құндыс-Керей мәліметтері бүгінге дейін құпия күйінде қалып отыр.
«Енді осы архивтегі материалдар әлі күнге дейін құпия күйінде жатыр. Ұлттық Қауіпсіздік Комитеті (осы деректерді) Ішкі істер министрлігіне бердік дейді. Ішкі істер министрлігіне берсек, олар Ұлттық Қауіпсіздік Комитетіне сілтейді. Бұл туралы комитетте арнайы жиналыстар өткіздік. Бірақ біз тұшымды жауап ала алмадық. Ол қашан ашық жарияланады, неге құпия күйінде келе жатыр», — деп сұрады Жаңбыршин.
Мәдениет және ақпарат вице-министрі Айбек Сыдықов депутаттың сауалына тұшымды жауап бере алмады.
«Егер құпиялық грифте тұрған болса бұл мәселені мен пысықтап Сізге жазбаша жауап берейін«, — деп қысқа қайырды вице-министр.
Еске салайық ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі «Батырларға тағзым» атты бірегей интернет-порталды іске қосты. «Батырларға тағзым» сайтында Ұлы Отан соғысына қатысқан және майданда ерлік көрсеткен жауынгерлер туралы толық мәліметтер мен фотоматериалдар жинақталған.