
Қазақстанда такси саласында жұмыс істеп жүрген жеке кәсіпкерлердің саны күрт өсті. 1 қыркүйектегі мәлімет бойынша, такси саласында 93,8 мыңнан астам жеке кәсіпкер тіркелген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 3,7 есе көп.
DataHub деректеріне сүйенсек, бір ай ішінде, яғни 1 тамыздан бері таксимен айналысатын жеке кәсіпкер саны 6,1%-ға артқан, ал 2024 жылғы қыркүйектен бері орташа айлық өсім 11,8%-ды құрады. Яғни кез келген жастағы әрбір 220-шы қазақстандықтың такси саласында ресми тіркелген жеке кәсіпкерлігі бар.
Такси саласындағы жеке кәсіпкерлер санының артуымен қатар, жолаушылардың саны да жылдық есепте 3,9 есе өскен. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2025 жылдың тамыз айында кәсіпкерлер 16,2 мың жолаушы тасымалдаған.
Өсімнің себебі неде
2023 жылдың соңында онлайн-платформалар мен агрегаторлар арқылы платформалық жұмыспен қамту бойынша пилоттық жоба басталды. Алғашында Мемлекеттік кірістер комитеті «Яндекс» компаниясымен келісімге келген. Жобаның мақсаты – жүргізушілерді әлеуметтік қамсыздандыру жүйесіне тарту болатын.
Қатысу үшін такси жүргізушілеріне арнайы салық режимін пайдалана отырып, жеке кәсіпкер ретінде тіркелу ұсынылды. Артықшылықтары:
- тіркелудің жеңілдігі,
- табыстан 1% көлеміндегі төмен салық мөлшерлемесі,
- таксопарктердің делдалдық қызметтерін болдырмау,
- төлемдерді есептеудің жеңілдетілуі.
2024 жылдың қыркүйегінен бастап бұл өзгерістер заң жүзінде бекітіліп, салық мөлшерлемесі төмендетілді, ал платформа операторлары салық агенттері ретінде танылды. Сонымен қатар, ЖК статусындағы жүргізушілер онлайн-платформалардан белгілі бір жеңілдіктерге ие бола бастаған.
Айта кетейік Балтық елдерінің сервисі Bolt Қазақстан нарығында Yandex Go-ға бәсекелес болуды көздеп отыр. Компания алдымен электрсамокаттардан бастамақ, кейін такси қызметіне көшеді.