Жаңалықтар

Өскемен полициясы Алматы тұрғынынан 1 млн теңгенің есірткісін тәркіледі

ШҚО-да 1 млн теңгенің есірткісін сатуды ойластырған Алматы тұрғыны ұсталды / Фото: ІІМ

Өскемен полициясы Өскемен полициясы Алматы тұрғынынан 1 млн теңгенің есірткісін тәркіледі. Бұл туралы ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

«ШҚО-да полиция ер адамнан 1 млн теңгенің мефедронын тәркіледі», – делінген баспасөз хабарламасында.

Министрлік мәліметінше, Өскемен қаласы полиция басқармасының есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл тобы облыс прокуратурасымен бірлесіп тексеріс жүргізген. Операция барысында Алматының 27 жастағы тұрғыны ұсталған. Тінту кезінде бұл азаматтан қара және сары түсті таспамен оралған ішінде ақ ұнтақ заты бар 33 түйіншек табылған.

Полиция сараптама жүргізіп, оралған ақ ұнтақтың есірткілік зат – мфедрон екенін анықтаған. Күдіктіден жалпы салмағы 42,7 грамның есірткісі анықталған. Бұл көлемнен 40-тан астам бір реттік доза шығады. Оның қара нарықтағы құны 1 млн теңгеден асады.

Алматы тұрғыны «Есірткі құралдарын заңсыз сатып алу, сақтау, тасымалдау және өткізу» бабы бойынша күдікті ретінде танылып, қамауға алынған. Сотқа дейінгі тергеу амалдары басталған.

Айта кетейік, бүгін 18 қыркүйек күні Маңғыстауда екі бірдей әкім орынбасары есірткі қылмысына қатысы бар деген күдікпен ұсталды. Шенеуніктердің ұсталғанын Маңғыстау облысының әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Ал мұның алдында  Ақтөбе қаласында 31 жастағы рэп-орындаушы Qarakesek есірткіге мас күйінде ұсталған болатын.