
Мәжіліс депутаттарының дерегінше, Ұлттық банк Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының (БЖЗҚ) 173 млрд теңгесін «Бәйтерек» холдингінің облигацияларына салған. Бұл қаражатқа 3 300 вагон лизингке алынғанымен, отандық өндірушілерді қолдауға бағытталған талаптар көрсетілмеген. Соның салдарынан қосалқы бөлшектердің едәуір бөлігі Ресей мен Қытайдан әкелінеді. Ал қазақстандық зауыттар ірі келісімшартсыз қалып отыр деп жазады Exclusive.kz.
Отандық өндіріс шетте қалды
Депутаттар ерекше мысал ретінде Павлодардағы Format Mach Company кәсіпорнын атады. Зауыт құйма өндірісін жаңғыртуға 25 млрд теңге құйып, халықаралық сертификат алды. Компания өндіріс көлемін жылына 4 мың тоннадан 50 мың тоннаға дейін арттыра алады. Бағасы мен сапасы бәсекеге қабілетті, тіпті 2024 жылы өнімнің 84%-ы Ресей, Беларусь пен Өзбекстанға экспортталды. Алайда кәсіпорын әлі күнге дейін қазақстандық вагон жасаушылармен бірде-бір ұзақмерзімді келісімшартқа қол жеткізбеген.
Импорт басымдыққа шықты
Қазақстанда вагондарға арналған қосалқы бөлшектердің негізгі бөлігі импортқа тәуелді болып отыр. Жақында «Өнеркәсіпті дамыту қоры», «KTZ Express» және «ЗИКСТО» арасында 2 700 платформа жеткізу туралы келісім жасалды. 2030 жылға дейін тағы 4 000 вагон жеткізуге қатысты келісім талқыланып жатыр. Алайда бұл құжаттарда да қазақстандық бөлшектерді сатып алу талабы жазылмаған.
Депутаттардың есебінше, сұраныстың болмауының үлкен зардабы бар:
- 18,2 млрд теңге еңбекақыдан түсетін табыс жоғалды,
- 17,1 млрд теңге салық пен әлеуметтік аударымдар түспеді,
- 3 500 жаңа жұмыс орны ашылмады,
- бір вагонның өзіндік құнының 70%-ға жуығы (121 млрд теңге) шетелдік өндірушілерге кетіп жатыр.
Депутаттардың ұсынысы
Мәжіліс депутаттары қазіргі тәжірибе импортты алмастыру саясатын әлсіретіп, өнеркәсіпті қолдау бағдарламаларының тиімділігін төмендетіп отырғанын атап өтті. Олар мынадай шараларды ұсынды:
- бюджеттік қаржы, зейнетақы активтері және квазимемлекеттік сектор қаражаты есебінен сатып алуда қазақстандық өндірушілердің міндетті қатысуын қамтамасыз ететін мемлекеттік реттеу тетігін енгізу;
- қолданыстағы және болашақ келісімшарттарға локализация талаптарын енгізу;
- жылжымалы құрамды жаңарту жөніндегі барлық мемлекеттік бағдарламаларға осындай шарттарды қосу;
- Үкімет, депутаттар, даму институттары және бизнес қатысатын кеңес өткізіп, жүйелі қолдау шараларын әзірлеу.
Депутаттардың пікірінше, міндетті жергіліктендіру талаптары енгізілмесе, отандық өнеркәсіп ішкі нарықта да бәсекеге қабілетсіз күйінде қала береді.