
Еурокомиссия Израильге қарсы санкциялар пакетін ұсынды. Енді ЕО-ға мүше елдер бұл ұсыныстарды дауысқа салуы керек.
Еуропалық комиссияның мәліметінше, санкциялар Израильдің Газадағы әскери шабуылын жалғастыруына байланысты салынған. Брюссель мұны ЕО мен Израиль арасындағы қауымдастық жөніндегі келісімді бұзу деп есептейді.
Шаралар аясында «ХАМАС» террористік ұйымының он мүшесіне және Израиль үкіметіндегі екі ультраоңшыл министрге Батыс жағалаудағы зорлық-зомбылыққа арандату айыбы бойынша санкция салу қарастырылған.
«Газада күн сайын болып жатқан қорқынышты жағдай тоқтауы тиіс. Дереу атысты тоқтату, бүкіл гуманитарлық көмектің кедергісіз жеткізілуі және ХАМАС ұстап отырған барлық тұтқындардың босатылуы қажет», – делінген мәлімдемеде.
Сонымен қатар ЕО Израильмен қауымдастық туралы келісім аясындағы преференциялық сауданы тоқтатады. Бұл келісім бойынша кедендік баждан босатылған тауарлардың бір бөлігіне енді баж салынады.
2024 жылы ЕО Израильдің ең ірі сауда серіктесі болды: ЕО-ға Израильдің әлемдік саудасының 32%-ы тиесілі. Израиль – ЕО үшін 31-ші маңызды сауда серіктес саналады. Қазіргі таңда Еуропа мен Израиль арасындағы тауар айналымының шамамен 37%-ы кедендік баждан босатылған, ал мүше елдер ұсынысты қолдаса, дәл осы бөлігі тоқтатылады.
Бұған дейін БҰҰ комиссиясы Израильдің Газадағы әрекетін «геноцид» деп бағалады. Ұйым өкілдерді Израиль әскері екі жыл ішінде 1948 жылғы конвенцияда анықталған геноцидтің бес актісінің төртеуін жасаған деген айып тақты.