Жаңалықтар

Шымкентте әскерде қайтыс болған сарбаздың жаназасы шығарылды (видео)

Фото: Дінмұхамед Шынарбектің отбасылық архивінен

Бүгін түсте Шымкентте Гвардейск гарнизонындағы әскери бөлімдердің бірінде мерзімді әскери қызмет атқарып жүрген сарбаз 19 жастағы Дінмұхамед Шынарбекті туыстары мен жақындары жер қойнына тапсырды. Марқұмның анасы баласының өзіне қол салды дегенімен келіспейді.

«Оны тұншықтырып өлтірді…»

19 жастағы Дінмұхамед Шынарбектің мәйітін әскерилер Шымкенттегі ата-анасына 19 қыркүйекке қараған түні жеткізді. Қара жамылған отбасы сарбаздың өзіне-өзі қол салғанына сенбейді.

«Оны өлтірді. Тұншықтырып, сосын асып қойды. Саған ақпарат ретінде айтамын. Сендердің бақылауларың сол ма? – деді марқұмның әпкесі Тоғжан Қошанбаева әскерилерге қарата жылап тұрып. – Бала қыршын кетті. Жап-жас баланы өлтірдіңдер. Ол өзі өлген жоқ. Оған күнә артпаңдар»

Сарбаздың жаназасы жақын маңдағы мешіттен шығарылды. Оның денесін үйінен шығарып жатқанда қаралы үйден баласын жоқтаған ананың «Димашым» деген зарлы дауысы шықты.

Фото: Дінмұхамед Шынарбектің отбасылық архивінен

Марқұмның анасы Бибінұр Қалтаеваның айтуынша, Дінмұхамед Шынарбек отбасындағы төрт баланың кенжесі, егізінің сыңары. Егіз ұлы 9-сыныпты бітіргеннен соң колледжде кондитер мамандығы бойынша оқу түсіп тәмамдаған. Екеуі де тәтті пісіруді кәсіп етіп, еңбек еткен. 18 жасқа толған соң егізінің үлкенін жолдан ұстап алып, әскерге жіберген. Арадан 6 ай өткенде сыңарын сағынған Дінмұхамед оның қасына сұранып әскерге барған. Алайда ант қабылдаған соң, оны сыңары борышын өтеп жүрген Отардағы әскери бөлімге емес, Мәтібұлақтағы әскери бөлімге жіберген.

Фото: Дилара Иса

«Ант қабылдағанға дейін екеуі бір әскери бөлімде болды. Ант қабылдағаннан кейін түн жамылып балам шырылдап хабарласты. «Мама, мені басқа әскери бөлімге жіберіп жатыр» деді. Хабарласайын десем, ешкіммен сөйлесе алмадым. Соңғы рет өткен сенбі күні сөйлестім. Қай уақытта сөйлессем де «менде бәрі жақсы» деді. Бәрі жақсы болса осындай жағдайға дұшар болар ма еді? Мен оны Отан алдында борышын өтеп келсін деп бір жылға жіберсем, Отан оны 5 айға да жеткізбей мәйітін қайтарып отыр. Баламды әскерге алақаныма салып аялап өсіріп жібердім. Ал олар оны табытпен қайтарды. Отанын қорғауға барған баланы Отаны неге қорғай алмады?»,– деді етегі жасқа толған ана көз жасын тыя алмай.

«Баламның өзіне қол салғанына сенбеймін»

Марқұмның анасы баласының өзіне қол салғанына сенбейді. «Денсаулығында кінәраты жоқ еді. Бұл миыма симайды»,– деді ол. Марқұм ата-анасына да, туыстарына да шағымданбаған. Марқұм мен сыңары 29 тамыз күні 19 жасқа толған. Сол күні анасына сағынғанын айтып, келуін өтінген.

Фото: Дінмұхамед Шынарбектің отбасылық архивінен

17 қыркүйек күні әскерилер анасына қоңырау шалып, «Балаңыз асылып қалды» деп қаралы хабарды жеткізген.

«Қалай ол асылып қалады? Не істерімді, қайда барарымды білмей дал болдым. Ұшуға қанатым болмады ғой. Маған шындық керек. Жап-жас балалар Отанын қорғауға барып, бұлай қыршынынан қиылмауы керек. Қандай ащы болса да, шындық айтылуы керек. Ақиқат ашылсын. Мен баламның өзіне-өзі қол салғанына сенбеймін. Аналар мен сияқты қасірет көрмесін. Мемлекет басында отырғандар балаларымызды өлімнен қорғасын», – деді марқұмның анасы шырылдап.

«Оның армандары көп еді»

Туыстары Дінмұхамедті өмірге құштар болғанын айтады. Мінезі жайдары, мейірімді еді деп сипаттайды. Армандары көп болатын дейді. Сыңарымен үлкен кондитерлік цех ашуды жоспарлаған.

Дінмұхамед Шынарбектің әпкесі Тоғжан Қошанбаева марқұмның денесіне сот-медициналық сараптама жасағанда қасында болған.

«Баланың денесінде соққы іздері жоқ. Ұрып-соқты деп айта алмаймын. Баланы тұншықтырып өлтіріп асып қойған. Медицина қызметкері ретінде асылып қалған адамда қандай белгілер болатынын білемін. Баланың денесінде ондай белгілер жоқ. Қиналып жатқанда болатын нәжіс жоқ. Тіл астылық сүйектің бүлінуі жоқ. Мойнындағы қан тамырларының қанталағаны көрінбейді. Өлі дененің мойнына күшпен салынған із екені көрініп тұр. Бұл – қасақана жасалған қастандық. Әскерилер өзіне-өзі қол жұмсады деп, жауапкершіліктен қашып жатыр», – дейді ол.

Мамандар сарбаздың өлу себебін «тұншығу» деп көрсеткен.

Құрлық әскерлерінің баспасөз қызметінің мәліметінше, 2025 жылғы 17 қыркүйекте Гвардейск гарнизонындағы әскери бөлімдердің бірінде мерзімді әскери қызмет атқарып жүрген сарбаз өз-өзіне қол жұмсаған. Оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалған.