
Тауар бағаларын рубльмен көрсеткен балалар дүкеніне айыппұл салынды. Шығысқазақстандық дүкен қожайыны мұны заңды білмегенімен түсіндірген.
Бұл туралы Сауда және интеграция министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Оқиға былай өрбіген. Шығыс Қазақстан облысы бойынша Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне балалар дүкенінде бағалар рубльмен көрсетілгені туралы бірнеше арыз келіп түскен.
Осыған байланысты Департамент кәсіпкерлік субъектісіне қатысты жоспардан тыс тексеру жүргізді. Тексеру барысында ақпарат расталды. Кейбір тауарларда шынымен де баға шетел валютасымен көрсетілген. Жапсырмалары қалған.
Дүкен басшылығы болса, мұны заңнаманы білмегеннен туған келеңсіздік деп атаған. Сонымен қатар, қызметкерлердің жетіспеушілігінен туындағанын түсіндіріпті.
Заң бойынша, ел аумағында ішкі және сыртқы сөрелерде қойылған тауардың бағасы теңгемен көрсетілуі тиіс. Басқа валютамен көрсетілсе, айыппұл салынады. Шағын кәсіпкерлік субъектілері 6 айлық есептік көрсеткіш (АЕК), орта кәсіпкерлік субъектілері – 10 АЕК, ірі кәсіпкерлік субъектілері – 30 АЕК көлемінде айыппұл төлейді.
Жағдай қайталанса, оның көлемі өсе түседі. 65 АЕК-тен бастап 200 АЕК-ке дейін ұлғаяды.
Мұның алдында, БЖЗҚ-ның 173 млрд теңгесі Ресей мен Қытайдан тауар импорттауға жұмсалғаны туралы жазған едік.