Жаңалықтар

Сиыр етінің негізсіз қымбаттауына жол берілмейді – АШМ

АШМ сиыр еті бағасының негізсіз өсуін тежеп отырады / Фото: kursiv.media архив

Ауыл шаруашылығы министрлігі сиыр еті бағасының негізсіз өсуін тежеп отырады. Бұл туралы АШМ-нің баспасөз қызметі хабарлады.

Министрліктің мәліметінше, 1 килограмм сиыр етінің орташа өзіндік құны шамамен 2 800–3 100 теңге аралығында. Ал көтерме саудадағы 15 пайыздық үстемеақысымен ет құны 3 400–3 500 теңге деңгейінде қалыптасқан.

АШМ бұл бағаны көрші елдермен салыстырғанда қатты қымбат емес деп санайды.

«Салыстырып қарасақ, көршілес елдерде сиыр етінің бөлшек бағасы әлдеқайда жоғары. Мәселен, Өзбекстан мен Тәжікстанда — 1 кг үшін 6 500 теңгеге дейін, Ресейде  — 8 500 теңгеге дейін, Қытайда — 8 000 теңгеге дейін, Түрікменстанда — 9 000 теңгеге дейін, Түркияда — 13 000 теңгеге дейін бағаланады», – делінген министрлік хабарламасында.

Дегенмен министрлік бағаның негізсіз өсуін тежеу мақсатында бірқатар жүйелі шаралар іске асырылатынын хабарлады. Атап айтқанда, бордақылау алаңдары мен шаруалар үшін жеңілдетілген несие бағдарламасын кеңейтеді, ет өңдеу кәсіпорындарын салып, жаңғыртуға қолдау көрсетеді.

«Министрлік негізсіз бағаның өсуін тежеу үшін жүйелі шараларды жүзеге асыруды жалғастырады», – деп хабарлайды министрлік.