
2025 жылы түрік сериалдары көптеп шықты. Оның ішінде тарихи эпопеялар да, криминал драма мен жеңіл-желпі комедиялар да бар. Жалпы түрік телеиндустриясы кейінгі жылдары көрермен жүрегінен айрықша орын алып үлгерді деп толықтай айта аламыз. Әсіресе, Netflix, Show TV және жергілікті телеарналар жарыққа шығарып жатқан туындылар бірінен бірі өтеді. Олай болса, Kursiv Media тілшісі биыл шыққан ең үздік 10 сериалға шолу дайындады.
1. Veliaht — «Наследник»
Жанры: отбасылық драма, криминал, романтика
Арна: Show TV
Сюжетін қысқаша айтсақ, мұнда Тимур есімді қарапайым автомеханиктің оқиғасы баяндалады. Әбден қарызға батып, отбасын кедейліктің қамытынан қайтсем шығарам деп уайымдап жүрген кейіпкердің өмірі. Сөйтіп жүргенде ол атағы жер жарған Кырсыл әулетінің бір мүшесі болып шыға келеді. Осылайша Тимур билік, мұра, ақшаға таластың қызған ортасына тап болады. Бұл сериалдың көрерменді тартқан тұсы сол — мұнда классикалық түрік драмасына қоса криминал элементтері әдемі үйлескен. Сондықтан туынды іш пыстырмайды. Махаббат хикаясы да, сатқындық та, отбасылық құпия да — бәрі бар. Әсіресе, актерлердің шеберлігіне сөз жоқ. Диалогтары керемет жазылған.
2. Platonic (Blue Moon Hotel)
Жанры: романтикалық комедия
Платформа: Netflix
Blue Moon қонақүйін басқаратын әпкелі-сіңлілі екі қыздың өмірі туралы сериал. Бауырлардың өмірі әдеттегідей өтіп жатады. Бірақ бір күні қонақүйге бір мейман келіп, екеуінің өміріне көп өзгеріс әкеледі. Соның ішінде зияны көп тиеді. Сериалда түсініспеушілік те, романтика да, әзіл-қалжың да бар. Әдетте біз қарап үйреніп қалған, қабылдауға ауыр түрік драмаларына қарағанда бұл сериал жеңілдеу. Декорациялары да әдемі таңдалған. Сондықтан бұл туындыны кешке жайланып отырып қарауға кеңес береміз.
3. Deha
Жанры: боевик, драма
Продюсері: Ay Yapım
Сюжетіне келсек, мұнда екі ағайындының өмірі баяндалады. Екеуі билікке ғана таласып қоймай, сатқындықтың дәмін татады, бір-біріне көп қиянат жасайды. Драманы соңына дейін ұстап тұратын, көрерменді бірге уайымдататын, психологиялық диалогтары жүректі дір еткізетін сериал. Сыншылар әсіресе, қойылымға жоғары баға берген. Кейіпкерлер өте терең бейнеленген деседі. Бір айта кететін жайт, сериалды мұқият қарамасаңыз, сюжеттері күрделі, түсінбей қалуыңыз мүмкін. Одан қала берді бір серия 2 сағаттан астам уақыт болады.
4. Kudüs Fatihi Selahaddin Eyyubi — «Завоеватель Иерусалима Салах ад-Дин»
Жанры: тарихи драма
Арна: TRT 1
Кейінгі жылдары шыққан ең ірі жобалардың бірі десек болады. Бұл сериалда Салах ад-Дин есімді аңыз қолбасшының өмірі мен ерлігі баяндалады. Оның қандай дипломат болғаны, қаһарман бейнесі, крестшілермен күресі көрсетіледі. Сериал несімен тартады: түріктерді тарихи сериалдарды шебер түсіретіні белгілі. Сондықтан сахналары керемет. Костюмдерге ерекше мән береді, құдды сол кезеңге топ еткендей сезім сыйлайды. Көрермен мұны қызық үшін ғана емес, Таяу Шығыс тарихына тереңірек үңілу үшін де қараса болады.
5. Yalı Çapkını (The Kingfisher / Golden Boy)
Жанры: романтикалық драма
Арна: Star TV
Бай әулеттің мұрагері бір қызбен келісіп, өтірік некелесуге мәжбүр болады. Отбасылық оқиға баяндалатын сериал. Дәстүрлер қайшылығы, махаббат жолында күресуге тырысатын кейіпкерлер тағдыры, отбасындағы қалыптасып қалған қатаң ережелер көрсетіледі. Бұл сериал әлеуметтік желіде өте танылып жатыр. Соның ішінде кейіпкерлердің айтқан сөздері мемге айналғаны тағы бар.
6. Sandık Kokusu — «Запах сундука»
Жанры: отбасылық драма
Арна: Show TV
Отбасылық қарым-қатынасты құпия мен естелікке толы ескі сандыққа теңеп көрсетеді. Атауы да сондай метафорадан шыққан. Сериалда ұрпақтар байланысы, қызғаныш, көреалмаушылық, махаббат, қайғы — бәрі бар. Бұл жобаның басты құнды тұсы — эмоциялар терең көрсетілген, барлығы шынайы өмірден алынған оқиға. Көрермен кейіпкерлерді өзіне ұқсатуы мүмкін.
7. Aşk Evlilik Boşanma — «Любовь. Брак. Развод»
Жанры: әйел тағдыры туралы драма
Платформа: онлайн-сервистерде бар
Отбасылық өмірі күйреп жүрген үш әйелдің тағдыры баяндалады. Біреуінің күйеуі көзіне шөп салады, екіншісі өзі қалағандай ана бола алмай жүреді, үшіншісі мансап пен жеке өмірді үйлестіре алмай дал болып жүреді. Кейіпкерлердің бастан өткеріп жатқан оқиғалары өте шынайы болғандықтан, әйелдердің бір-бірін қолдауы керек деген ұран айтылады. Гендерлік рөлдер, адамның қоғамдағы өз орнын жазбай табуы сияқты маңызды һәм өзекті тақырыптар қозғалған. Мұнда қияли махаббат оқиғасы жоқ, сериалда реализм мен психология басым.
8. Yabani (Дикий)
Жанры: әлеуметтік драма
Арна: FOX
Бай әулеттен шыққан баланы біреулер кішкентайында ұрлап кетеді де, ол содан көшеде өседі. Сөйтіп араға жылдар салып ол үйіне оралады. Бірақ сол туған үйі оған өте жат көрінеді. Сериалда өзін іздеп таппақ болған кейіпкердің оқиғасы баяндалады. Балалығы ұрланған тағдыр сипатталады. Бай мен кедейдің аражігі анық көрсетіледі. Туындыны қарап отырып, отбасы деген туып өскен жерің бе, әлде қаның ба деген ойға еріксіз берілесіз.
9. Sakla Beni — «Скрой меня»
Жанры: мелодрама
Арна: Star TV
Сюжет бойынша, өткен шақта құпиясы көп қалған бай әулеттің өмірі көрсетіледі. Кейіпкерлер бір ғана құпия жария болса болды, бүкіл өмірі быт-шыт болады деп қорқып, сол үрей үнемі олардың бойында жүреді. Sakla Beni — детектив элементтері бар, классикалық түрік мелодрамасы.
10. Kızılcık Şerbeti (Клюквенный шербет)
Жанры: әлеуметтік және отбасылық драма
Арна: Show TV
Кейінгі жылдары көрерменнің оң бағасын алған бірден-бір сериал десек болады. 2025 жылы жалғасы жарыққа шықты. Оқиға ортасында заманауи, либерал отбасы мен қатып қалған, дін ұстанатын, консерватив отбасы тұрады. Сол екі әулеттің балалары қосылып, қос тарапқа да нағыз сынақ болады. Сериалда қазіргі Түркиядағы өмір көрсетілгендей. Яғни құндылықтар қақтығысы бар, көзқарас, өмір туралы таным әртүрлі.
Тобықтай түйін
2025 жылы шыққан түрік сериалдары неше түрлі жанрды қамтыған:
- Жеңіл романтикалық оқиға керек болса — Platonic;
- Тарихи оқиғаларды жақсы көретіндерге — Selahaddin Eyyubi;
- Психологияға қызығатындарға — Sandık Kokusu и Yabani;
- Драмасүйер қауымға — Veliaht, Deha, Sakla Beni.