Жаңалықтар

Үкімет бидайды токенизациялау бойынша пилоттық жобаны іске қосады

Қазақстанда бидайды токенизациялау бойынша пилоттық жоба іске қосылады /Коллаж: kursiv.media; бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Үкімет елде бидайды токенизациялау бойынша пилоттық жобаны іске қосады. Бұл туралы Үкімет үйінің баспасөз қызметі хабарлады.

Баспасөз қызметінің мәліметінше, агросекторға блокчейн енгізу бойынша пилоттық жоба Қостанай облысында сынақтан өткізіледі. Жобаны «Астана» Халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) мен өңір әкімдігі бірлесе отырып жүзеге асыратыны айтылған.

Сынақ Қостанай облысында сәтті жүргізілсе, салалық мемлекеттік органдар бұл жоба ауқымын кеңейтуді жоспарлап отыр.

«Астық токенизациясы – бұл нақты астықты блокчейндегі цифрлық токенға аудару. Технология астықты есеп айырысу және сауда, несие алу, тәуекелдерді сақтандыру үшін пайдалануға болатын толыққанды қаржы құралына айналдырады», – дейді Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі Қаныш Төлеушин.

«Токенизация» технологиясы нақты бір тауарларды блокчейн платфоромасында цифрлық токендерге айналдыру дегенді білдіреді.