Жаңалықтар

Жалпы ішкі өнімді екі есе арттыру үшін қанша инвестиция тарту қажет

Жалпы ішкі өнімді 2029 жылға қарай екі есе арттыру үшін қанша инвестиция қажет / фото: Серікжан Қобланбаев

Қазақстанға 2029 жылға қарай Жалпы ішкі өнімді (ЖІӨ) екі есе арттыруға экономикаға жыл сайын 100-105 млрд доллар инвестиция тарту қажет. 2024 жылы елге 41 млрд доллар қаражат сырттан құйылған. Ұлттық экономика вице-министрі Арман Қасенов Kursiv Infrastructure Forum-ында осылай деп мәлімдеді.

«ЖІӨ-ні екі есе өсіру үшін ондағы инвестиция үлесін 15%-дан 23%-ға дейін арттыруды көздеп отырмыз. Бұл дегеніңіз инвестиция көлемі екі еседен де көп құйылуы керек дегенді білдіреді. Былтыр инвестиция 41 млрд доллар болса, ол 2029 жылы 100-105 млрд долларға жетуі тиіс. Тағы қосымша 60 млрд доллар инвестиция қажет», – деді ол Kursiv.Media ұйымдастырған форумда.

Вице-министрдің айтуынша, экономика қарқынын арттырудағы маңызды мақсаттардың бірі – инвестицияны көбейту.

«Екі жыл бұрын мемлекет басшысы экономикалық даму үшін инвестиция тарту қажет екенін, қазір оның ЖІӨ-дегі үлесі 15% екенін айтты. Жалпы ішкі өнімге инвестиция тарту – өте маңызды көрсеткіш», — дейді Қасенов.

Алдағы жылдары ЖІӨ-ді екі есе өсіру міндетін орындауды Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жолдауда үкіметке тапсырған.

Kursiv Infrastructure Forum – Қазақстанда инвестиция мен инфрақұрылым жобалары туралы стратегиялық диалогқа арналған алғашқы тәуелсіз алаң. Форумды Kursiv.media тобы ұйымдастырды. Оның мақсаты – сала өкілдерін біріктіру, олардың тәжірибе мен идея алмасуына көмектесу.