Lifestyle

Димаш Құдайберген теннистен Almaty Open турнирінде өнер көрсетеді

Димаш Құдайберген Almaty Open турнирінде өнер көрсетеді / фото: instagram

11–19 қазан аралығында Алматы Аренада әлемдік теннистің үздіктері бас қосатын Almaty Open ATP 250 халықаралық турнирі өтеді. Бұл – ТМД аумағындағы жалғыз ATP 250 деңгейіндегі жарыс.

14 қазанда сағат 18:20-да турнир аясындағы шоу бағдарламасында арнайы қонақ — Қазақстанның мақтанышы Димаш Құдайберген сахнаға шығады. Сонымен қатар турнир күндері күн сайын қонақтар үшін Ninety One, Alem, M’dee, Қайрат Нұртас, Мирас Жүгінісов және ILHAN өнер көрсетеді.

Әлемдік жұлдыздар Алматыда

Кәсіби теннисшілер қауымдастығы (ATP) жарысқа қатысатын спортшылардың тізімін жариялады. Көшті әлемнің 10-ракеткасы, өткен жылғы Almaty Open чемпионы Карен Хачанов бастайды. Сондай-ақ Қазақстан кортында Даниил Медведев (18), Александр Бублик (19), Флавио Коболли (25), Лучано Дардери (30) сынды жұлдыздар өнер көрсетеді.

Тізімде тағы да Алекс Михельсен, Брендон Накашима, Габриэль Диалло, Корентин Муте, Фабиан Марожан, Хамад Медьедович, Бу Янчаокете, Адам Уолтон, Ласло Джере, Джордан Томпсон, Мариано Навоне, Артюр Казо, Лука Нарди бар.

Қазақстан намысын Бубликтен бөлек Александр Шевченко, Бейбіт Жұқаев, Әмір Омарханов, Денис Евсеев, Тимофей Скатов және Михаил Кукушкин қорғайды.

Негізгі жарыста 28 спортшы бақ сынайды:

  • 18-і рейтинг бойынша қатысады;
  • 3 теннисші ұйымдастырушылардан уайлдкард алады;
  • 3 спортшы Special Exempts жолдамасымен келеді;
  • 4 ойыншы іріктеу сайыстары арқылы додаға қосылады.

Almaty Open – тек теннис қана емес. Бұл – тұтас бір аптаға созылатын эмоция мерекесі: фан-зоналар, интерактивтер, отбасылық белсенділіктер, жанд LIVE-музыка және түрлі ел асханалары ұсынылған фудкордтар күн сайын жанкүйерлерді күтеді.

Билеттерді Freedom Ticketon сайтында алуға болады.