
Қазақстан қашықтан жұмыс істеп, саяхаттауды ұштастыратын шетелдіктер үшін тартымды елге айналып келеді. Өткен жылы іске қосылған Neo Nomad Visa бағдарламасы аясында 14 шет мемлекеттің 27 азаматы елімізде бір жылға тұру құқығына ие болды. Бұл туралы Kazakh Tourism хабарлады.
Қай елдерден келді?
Neo Nomad Visа негізінен АҚШ, Канада және Франция азаматтарына берілген. Сонымен қатар бұл мүмкіндікті Жаңа Зеландия, Ұлыбритания, Ирландия, Сингапур, Оңтүстік Корея, Аустралия, БАӘ, Бразилия, Латвия және Польша азаматтары да пайдаланды.
Neo Nomad Visa не береді?
Бұл виза шетел азаматтарына:
- өз еліндегі компанияларда қашықтан жұмысын жалғастыруға;
- Қазақстанды бір жыл бойы еркін аралап, танып-білуге мүмкіндік береді.
Алайда Neo Nomad Visа иегерлеріне Қазақстан аумағында ресми еңбек ету құқығы берілмейді.
Визаны қалай алуға болады?
Neo Nomad Visа алу үшін шетел азаматтары Қазақстанның шетелдегі елшіліктері мен консулдықтарына жүгінуі тиіс.