Жаңалықтар

Тоқаев Украина мен Газадағы қақтығыстарға қатысты ұстанымын айтты

Фото: reuters

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ Бас Ассамблеясы 80-ші сессиясында Қазақстанның халықаралық қауіпсіздікке қатысты ұстанымын білдіріп, әлемдегі күрделі жағдайларға тоқталды.

Президенттің айтуынша, Қазақстан Украина төңірегіндегі ұзаққа созылған дағдарысқа алаңдаулы. Бұл тек аймаққа ғана емес, бүкіл дүниежүзілік тұрақтылыққа ауыр соққы болып отыр.

Соған қарамастан, қақтығысты шешудің жолы – тек келіссөздер. Екіжақты және халықаралық дипломатиялық күш-жігер жалғаса беруі тиіс. Мұнда саяси икемділік қажет. Бұл – екі тараптың да ұзақмерзімді мүдделеріне сай, — деді Тоқаев.

Мемлекет басшысы территориялық даулардың ешқашан оңай шешілмейтінін, мұндай жағдайда ұстамдылық пен жауапкершілік қажет екенін атап өтті.

Гуманитарлық дағдарыс пен Таяу Шығыс

Тоқаев Таяу Шығыстағы ахуалға тоқталып, Газа секторындағы гуманитарлық дағдарыстың аса күрделі жағдайға жеткенін айтты.

Бұл қақтығыстың тарихи тамыры тереңде жатыр. Біз осы өшпенділіктің түпкі себебін елемей тұра алмаймыз. Қазақстан барлық бейбіт тұрғындарды қорғауға және халықаралық гуманитарлық құқыққа сай гуманитарлық көмек жеткізуге шақырады, — деді ол.

Президент Таяу Шығыстағы бейбітшілікке бағытталған бастамалардың – Араб бейбіт бастамасы, Нью-Йорк декларациясы, Авраам келісімдері секілді қадамдардың маңыздылығына тоқталды. Оның пікірінше, саяси ерік-жігер мен лидерлік бөлінуді ынтымақтастыққа айналдыра алады.

Әзербайжан мен Армения мысалы

Қазақстан Президенті АҚШ Президентінің арағайындығымен Әзербайжан мен Армения арасындағы қарым-қатынастың жақсара бастағанын оң бағалады.

Бұл жағдайдың өзі кез келген көне қақтығысты дипломатия және парасаттылық арқылы шешуге болатынын дәлелдейді. Сондықтан Қазақстан әрқашан эскалацияның орнына – дипломатияны, күштің орнына – диалогты қолдайды, — деп түйіндеді Мемлекет басшысы.

Еске сала кетейік, бұған дейін Тоқаев Ньй-Йоркте Украина президенті Зеленскиймен кездескен еді.