
Алматы тұрғындарын ауызсумен толық қамту үшін 3 жаңа су қабылдау нысаны салынады. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен жиында әкім орынбасары Алмасхан Сматлаев айтты.
Сматлаевтың айтуынша, қазіргі уақытта «Ақсай», «Ерменсай» суқабылдау нысандары салынып, ал «Барлық» су қабылдау нысаны жобаланып жатыр. Үш нысан қаланың 245 мыңнан астам тұрғынын ауызсумен қамтамасыз етеді.
Бұдан бөлек, ұзындығы 34,9 шақырымға жететін Батыс коллекторының құрылысы жүріп жатыр. Нәтижесінде Алатау және Наурызбай аудандарының 150 мың тұрғыны орталықтандырылған кәріз жүйесіне қосылады.
Жылу желілері де жаңғыртылуда
Қалада осы жылы 37 шақырым құбыр жаңартылып, 17 коммуналдық қазандық реконструкцияланған. Сонымен бірге электр және газ желілері де жаңғыртылып жатқаны айтылды. Ал жекеменшікке өтіп кеткен желілер коммуналдық кәсіпорындардың балансына беріліп жатыр.
«Жұмыс кезең-кезеңімен және тұрақты бақылаумен жүргізілуде. Мақсатымыз – коммуналдық қызметтерді тұрақты, қолжетімді әрі заманауи ету», – дейді әкім орынбасары