Жаңалықтар

Алатауды Smart қалаға айналдыру қалай жүзеге асып жатыр?

Алатау Smart қалаға қалай айналады? / Фото: Алматы облысы әкімдігі

Алатау қаласы Smart қалаға айналады. Бұл туралы Алматы облысы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Президент тапсырмасына сәйкес, Алматы түбіндегі Алатау инновациялық Smart қалаға айналуы керек. Жолдауда айтылған тапсырма бойынша Алматы облысының әкімдігі қаланы жасанды интеллект технологияларымен жабдықтау жұмыстарын бастаған.

Атап айтқанда, Алатау қаласында «Smart City» тұжырымдамасы негізінде жасанды интеллект технологияларымен жабдықталған 300 бейнебақылау камерасы мен 6 ақпараттық-бағдарламалық кешен орнатылған.

«Мұндай қадамдар қала тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және қалалық инфрақұрылымды тиімді басқаруға мүмкіндік береді. Жалпы IT және жасанды интеллект саласы – өңірдің болашақ дамуының негізгі драйвері. Сондықтан облыс басшылығы бұл бағыттағы жобаларды толық қолдап, жүзеге асыру үшін барлық жағдайды жасауда. Алатау қаласындағы арнайы экономикалық аймақ жоғары технологияларды дамытуға арналған ең қолайлы алаң», – делінген әкімдік хабарламасында.

Әкімдік қазіргі таңда инфрақұрылымды жедел аяқтап, білім беру жүйесін жаңа технологияларға бейімдеу шараларын жүзеге асыруды қолға алған. Облыс әкімдігі жалпы өңір деңгейінде президент тапсырмасына сәйкес, «Цифрландыру және инновациялық даму» бағыты бойынша нақты жоспарлар әзірленіп жатқанын хабарлады.

Оған сәйкес жаңа технопарктер, инкубаторлар және стартап-платформаларсалынады. Ал облыстағы жоғары оқу орындарын мен колледждерде IT және AI мамандары даярланады. Бұдан бөлек шетелдік және отандық ірі IT-компаниялар тартылып, оларды қаланың арнайы экономикалық аймағына келуі үшін келіссөздер жүргізіліп жатыр.

«Жасанды интеллекті қолдану – енді жай сөз емес, экономиканың нақты драйвері. Ол өндіріс үдерістерін автоматтандырады, қызмет сапасын арттырады және құн тізбегін тиімді етеді», – делінген баспасөз хабарламасында.

Еске сала кетсек, президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз жолдауында қалаға арнайы статус беріліп, тікелей Үкіметке ғана бағынатынын айтты.

«Біздің іскерлік белсенділік және инновациялық орталығымыз – Алатау қаласы болуы керек«, – деді президент.

Артынша Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Алатау қаласы үшін Smart City архитектурасы әзірленіп, криптовалюта енгізілетінін мәлімдеді. Министр Жаслан Мадиев те қаланың крипто-аймаққа айналуы мүмкін екенін растады.