Жаңалықтар

Үкімет апат болған Қызылағаш су қоймасын толығымен жаңғыртты

Қызылағаш су қоймасының бөгеттері жаңғыртылды / Фото: ашық дереккөз; бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Үкімет 15 жыл бұрын Қызылағаш ауылын шайып кеткен плотинаны толығымен жаңғыртты. Бұл туралы Су ресурстары және ирригация министрлгінің баспасөз қызметі хабарлады.

«Биыл Су ресурстары және ирригация министрлігі Жетісу облысындағы Қызылағаш су қоймасының реконструкциясын аяқтады», – делінген баспасөз хабарламасында.

Су қоймасының су тасқыны кезінде пайдаланатын апатты суды жіберуге арналған каналы нығайтылып, су қабылдайтын жаңа торап салынған.

Бұдан бөлек апатты жағдайда автоматты түрде қоймадағы су көлемінен хабар беретін заманауи бақылау датчиктері орнатылған. Бұл датчиктер көмегімен автоматты түрде мониторинг жүргізіліп отырады және хабарландыру жүйесі де қосылған.

Жалпы су қоймасының сыйымдылығы 42,6 млн текше метрді құрайды. Бұл 6 680 гектар егістік алқабын сумен тұрақты қамтамасыз етуге мүмкіндік бермек.

«Мемлекет басшысы еліміздің су шаруашылығы инфрақұрылымын жаңғырту міндетін қойған болатын. 2023 жылы жүргізілген гидротехникалық нысандарды түгендеу нәтижесінде су саласын дамытудың кешенді жоспары әзірленді. Ол 160-тан астам іс-шараны қамтиды. Соның ішінде 42 жаңа су қоймасын салу және 37 жұмыс істеп тұрған нысанды реконструкциялау жұмыстары бар. Қызылағаш су қоймасын реконструкциялау жергілікті тұрғындарды су тасқынынан қорғап, Жетісу облысының ауыл шаруашылығын дамытуға серпін береді», – деді Су ресурстары және ирригация вице-министрі Ерболат Ибрайханов.