Жаңалықтар

500 тонна өнім ұсынылады: Түркістан облысы Алматыда жәрмеңке өткізеді

Алматыда  27-28 қыркүйек күндері жәрмеңке өткізіледі / Фото: Алматы әкімдігі
Алматыда 27-28 қыркүйек күндері жәрмеңке өткізіледі / Фото: Алматы әкімдігі

Алматыда 27-28 қыркүйек күндері жәрмеңке өткізіледі. Онда Түркістан облысының шаруалары мен тауар өндірушілері 500 тоннадан астам өнім ұсынады. Бұл туралы Алматы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Жәрмеңкеге Түркістан облысының 16 ауданы мен Түркістан қаласы қатысады деп жоспарланып отыр.

Қандай өнімдер сатылады?

Алматы тұрғындары мен қонақтарына Түркістанда өндірілген 50-ден астам тауар мен өнім түрін ұсынады. Атап айтқанда, ет-сүт өнімдері, жеміс-көкөніс пен шұжық түрлері, ұн, жарма, өсімдік және малдың майы және күнделікті тұтынуға қажетті өзге де тауарлар сатылады.

«Жалпы 500 тонна өнім жеткізіледі. Оның ішінде 100 тонна ет өнімі, 250 тонна жеміс-көкөніс, 30 тонна сүт өнімдері және 120 тоннаға жуық өзге де өнімдер», – делінген баспасөз хабарламасында.

Жәрмеңке қайда өтеді?

Жәрмеңке 27-28 қыркүйек күні таңғы сағат 8-ден кешкі 17-ге дейін Қазыбек би көшесінің бойында, Абылай хан даңғылынан Панфилов көшесіне дейінгі аралықта өтеді.

Келушілер фермерлік өнімдерді арзан бағада тікелей өндірушілерден сатып алады.