
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ақорданың лауазымды шенеуніктерін қызметінен босатып, орындарын ауыстырып жатыр. 25 қыркүйек күні басталған ауыс-түйіс бүгін 26 қыркүйек күні де жалғасты.
Президент Ержан Хозеұлы Қазыханды Қазақстан Республикасы Президентінің халықаралық мәселелер жөніндегі көмекшісі лауазымынан босатып, Женева қаласындағы (Швейцария) Біріккен Ұлттар Ұйымының бөлімшесі мен басқа да халықаралық ұйымдар жанындағы Қазақстан Республикасының Тұрақты өкілі лауазымына тағайындады.
Бұл қызметте істеген Ерлан Алтынбайұлы Әлімбаев Женева қаласындағы Біріккен Ұлттар Ұйымының бөлімшесі мен басқа да халықаралық ұйымдар жанындағы Қазақстан Республикасының Тұрақты өкілі лауазымынан босатылған.
Сонымен бірге президент Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеуді қызметінен босатып, шенеунікті Қазақстан Республикасы Президентінің халықаралық инвестиция және сауда ынтымақтастығы жөніндегі көмекшісі етіп тағайындады. Орнына премьер-министрдің орынбасары қызметінен босатылған Ермек Көшербаев министр болып тағайындалды.
Ал кеше, 25 қыркүйек күні Тоқаев Қанат Шарлапаевты, Тамара Дүйсенованы, Зүлфия Сүлейменованы қызметінен босатты. Олар түрлі салалар бойынша президенттің көмекшісі қызметін атқарып келген.
Қызметінен босатылғандар арасында президент кеңесшілері Ернар Жеңісұлы Баспаев пен Күнсұлу Дальтонқызы Закария бар.
Ал Бақытжан Шаймұхаметұлы Сапиев президент әкімшілігіндегі қызметінен босатылып, Президент кеңесшісі болып тағайындалды. Ал ҚР Президенті Әкімшілігінің Мемлекеттік бақылау бөлімінің меңгерушісі лауазымына Әлихан Қайыргелдіұлы Жамсатов ауысып келді.