
26 қыркүйекте Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху БҰҰ Бас Ассамблеясының 80-сессиясында сөйлеген уақытта делегациялардың дені наразылық ретінде залдан шығып кетті. Бұл туралы Kursiv.Media Reuters мәліметіне сүйене отырып хабарлайды.
Нью-Йорктегі наразылық акциялары қалаға Нетаньяху келген уақыттан басталған. Ол сессия өтіп жатқан залда да жалғасты.

Нетаньяху Палестинаны дербес мемлекет ретінде мойындауды «ессіздік» деп атады. Ол костюміне qr-код жапсырып шығып, залдағы адамдарды телефонды соған қарай бұруды өтінді. Онда 2023 жылғы 7 қазанда ХАМАС содырларының Израильге қалай шабуылдағаны туралы видео бар. Газа секторындағы әскери операция осы оқиғадан кейін басталғаны мәлім.
Бір күн бұрын дәл осы залда Палестина президенті Махмуд Аббас сөз сөйлеп, ол кеудесіне кілт тағып шыққан. Кілт палестиналық босқындардың өз үйіне оралу үмітін білдіреді.
Нетаньяху баяндамасы Газа секторында дыбысты күшейткіштер көмегімен таратылды. Премьер-министр оның сөзін кепілде отырғандар естиді деп ойлайды.
Израиль басшысы Палестина мемлекетін мойындағандаған елдерді сынады. Осы аптада Франция, Ұлыбритания, Австралия, Канада және басқа да елдер Палестинаны мойындаған. Нетаньяху Израиль оны мемлекет деп мойындамайтынын мәлімдеді.