Health

Бала дәрігерге барудан қорықса не істеу керек

Фото: ЖИ арқылы жасалған

Баланың стоматолог кабинеті алдында истерикаға түсуі, екпе жасаудан қорқуы немесе ақ халатты көргенде жылауы – көп ата-анаға таныс жағдай. Баланың дәрігерден қорқуы – жай қыңырлық емес, ол белгісіздік пен ықтимал ауырсынуға табиғи реакция. Біз эмоцияны жеңілдетіп, баланы қалай жұмсақ түрде қолдауға болатыны жайлы нұсқаулық дайындадық.

Дәрігер қабылдауына қалай дайындалу керек

Дәрігерге барудың сәтті өтуі клиникаға кірмей тұрып-ақ басталады. Дайындық қорқынышты азайтып, балаға позитивті көңіл-күй сыйлайды.

Өз уайымыңызды жеңіңіз. Ата-ананың күйзелісі балаға оңай беріледі. Баланың тыныштығы үшін ата-ананың сенімділігі маңызды. Алдын ала дәрігерді таңдап, сұрақтарыңызды дайындаңыз.

Профилактикалық тексерулерді өткізіп алмаңыз. Жай тексерістерде бала қорқынышсыз үйренеді. Егер тек ауру кезінде ғана дәрігерге барса, балада «ақ халат» = ауырсыну деген теріс ассоциация қалады.

Өтірік айтпаңыз. Баламен қабылдау қалай өтетінін нақты, түсінікті тілде сөйлесіңіз: «Дәрігер сұрақ қояды, сосын аузынды ашуды өтінеді. Егер тіліңмен иегіңе жетсең, жақсы көрінеді. Кейде фонарикпен қарайды немесе шпательмен (таяқшамен) тілді ұстайды», – деп түсіндіріңіз.

Үйде ойнап көрсету. Кішкентай балалармен ойыншықтар арқылы «дәрігер ойынын» ойнаңыз. Бұл қорқынышты азайтады. Жасөспірімдерге таңдау беріңіз: дәрігерге жалғыз кіре ме, әлде сізбен бірге ме.

Артық уәде бермеңіз. «Мүлде ауырмайды» деген уәде орындалмаса, бала өзін алданғандай сезінеді.

Уәдені бұзбаңыз. Мысалы, профилактикаға келгенде дәрігер кариес тауып, тісті жұлуға ұсынса, егер шұғыл емес болса, оны кейінге қалдырған жөн.

Қорқынышты күлкіге айналдырмаңыз. Бала эмоциясымен бөліспей қояды. Оның орнына өз тәжірибеңізді айтыңыз: «Мен де стоматологқа барғанда уайымдаймын. Бірақ жиі барсам, тісім ауырмайды, сүйікті тағамды еркін жеймін».

«Өз» дәрігеріңізді табыңыз. Бір дәрігерге тұрақты барған дұрыс, бала сенімге үйренеді.
Дәрігерді қорқыту құралы етпеңіз. «Жақсы отырмасаң, дәрігер укол салады» деген сөздерді қолданбаңыз.

Қабылдау кезінде өзіңізді сабырлы ұстап, жымиып, тыныш сөйлеңіз.
Балаға қатысты ауыр әңгімелерді дәрігермен оңаша талқылаңыз.
Ойыншық пен шағын тағам апарыңыз. Дәрігер ойыншықты «тексеріп», атмосфераны жеңілдете алады.
Баланы әңгімемен алаңдатыңыз.

Қабылдаудан кейін

Баланы мақтаңыз. «Сен батыл болдың! Біраз жыладың, бірақ шыдадың, тісіңді емдеттің».
Жақсы нәрсемен аяқтаңыз. Серуенге шығыңыз, бірге кітап оқыңыз немесе шағын сыйлық алыңыз.
Жағымды қылып еске түсіріңіз. «Алдымен қорықтың, бірақ тынышталып, екпе алдық. Енді сен аурудан қорғалдың».
Дәрігердің пайдасын еске салыңыз. «Қандай әдемі тістерің бар! Тазалағаныңа жақсы болды».

Есіңізде болсын: мақсат – дәрігерді жақсы көру емес, қиындықпен күресуді үйрену. Сіздің сабырлығыңыз бен тұрақтылығыңыз – балаға ең үлкен көмек.