
Біріккен Ұлттар Ұйымы Иранға қарсы қару-жарақ эмбаргосы мен өзге де санкцияларды қайта қалпына келтірді. Бұл шешім Ұлыбритания, Франция және Германия Тегеранды 2015 жылғы ядролық келісімді бұзды деп айыптаған соң қабылданған. Бұл туралы Reuters агенттігі хабарлады.
Санкциялар уранды байытуға тыйым салу, баллистикалық зымырандарға шектеу қою және ондаған тұлғалар мен компаниялардың активтерін бұғаттауды қамтиды.
Иран бұл айыптауларды жоққа шығарып, жауабы қатаң болатынын мәлімдеді. Дегенмен, ел президенті Масуд Пезешкиан Тегеранның ядролық қаруды таратпау туралы шарттан шықпайтынын атап өтті.
Сонымен қатар, Иран Германия, Франция және Ұлыбританиядағы елшілерін кеңеске қайтарып алды.
Еуроодақ өкілдері дағдарысты тек келіссөздер арқылы шешуге болатынын айтса, АҚШ пен еуропалық державалар Иранды келісімге қайта оралуға шақырды. Ал Ресей санкциялардың заңдылығына күмән келтірді.
26 қыркүйекте Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху БҰҰ Бас Ассамблеясының 80-сессиясында сөйлеген уақытта делегациялардың дені наразылық ретінде залдан шығып кеткен.