
Алматы әкімі Дархан Сатыбалды Тұрғыт Озал көшесіндегі №58 мектеп қасындағы қосалқы нысанның құрылыс барысын тексерді. Бұл мектептің жанында 576 орындық жаңа корпус бой көтеруі тиіс еді. Оның ішінде кең спорт залы, оқу кабинеттері, асхана мен акт залы қарастырылған. Құрылыстың басы 2024 жылдың шілдесінде басталғанымен, белгіленген кестеден айтарлықтай кешігіп жатыр.
Құрылыс барысына әкімнің көңілі толмады. Ол балалардың сынып жетіспей, тар жерде отырғанын айтып, мәселені соза бермей шешуді талап етті. Қала басшысы мердігерге екі апта ғана уақыт берді. Егер осы аралықта жағдай түзелмесе, шарт біржола бұзылатынын ескертті.
«Екі апта – соңғы мүмкіндік. Күн сайын маған жұмыс барысы туралы баяндап отырасыздар. Бұл нысаннан көз алмаймын. Егер тағы да сылтау табылса, келісімшарт тоқтатылады. Қосалқы мердігер іздеудің орнына, өздеріңіз бел шеше кірісіңіздер», – деді әкім.
Сатыбалды қалалық Білім басқармасы, Құрылыс басқармасы және басқа да жауапты мекемелерге бұл нысанды ерекше бақылауға алуды, әр апта сайын толық есеп беруді тапсырды.
Жобада үш қабатты жаңа корпус салу көзделген. Оның жертөлесі мен спорт залы болады. Бұған қоса, асхана мен акт залы бар бөлек блок тұрғызылып, қазіргі мектептің бөлмелері қайта жоспарланып, жаңартылады. Инженерлік желі, шатыр мен өрт қауіпсіздігі жүйелері де толық ауыстырылмақ.
Бұған дейін әкім қаладағы құрылыс және жөндеу жұмыстарының сапасына қатысты арнайы жиын өткізіп, мердігерлерлердің жұмысына көңілі толмайтынын жеткізген. Мердігерлердің жауапсыздығын сынға алды.