
Мектептерде сабақ енді жаңа оқулықтар өтетін болады. Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
«29 қыркүйектен бастап еліміздің 34 пилоттық мектебінде 2026–2027 оқу жылына арналған жаңа оқулықтардың апробациясы басталады. Апробацияны ҚР Оқу-ағарту министрлігінің Білім мазмұнын сараптау республикалық ғылыми-практикалық орталығы ұйымдастырады», – делінген баспасөз хабарламасында.
Апробация 4-сынып оқушыларының оқулықтары бойынша жүргізілмек. Олар:
- «Қазақ тілі»;
- Қазақ тілінде оқытатын мектептер үшін «Орыс тілі»;
- қазақ және орыс тілдерінде оқытатын мектептер үшін «Математика»;
- «Дүниетану»;
- «Әдебиеттік оқу».
Бұдан бөлек 7–10 сыныптарға арналған мынадай жаңа оқулықтар да апробациядан өтеді:
- «Дүниежүзі тарихы»;
- «Алгебра»;
- «Қазақ тілі»;
- «Химия»;
- «Биология»;
- «Физика»;
- «География»;
- «Құқық негіздері»;
- «Шетел тілдері» – ағылшын, неміс, француз тілдерінің оқулықтары.
«Апробация жаңа оқу бағдарламасы негізінде әзірленген жекелеген пәндер бойынша оқулықтардың күшті және әлсіз тұстарын айқындауға, сондай-ақ мектептер үшін оңтайлы оқу материалын іріктеуге бағытталған. Ол оқулықтарды кең көлемде енгізбей тұрып, оқушыларға арналған ең сапалы және тиімді оқулықтарды айқындауға мүмкіндік береді», – дейді Білім мазмұнын сараптау республикалық ғылыми-практикалық орталығының директоры Назира Абдрахманова.