
Ғани Бейсембаевты оқу-ағарту министрі қызметінен алар қарсаңында өңірлердегі ұстаздар Астанаға барып, Ақорда алдында ереуіл өткізбек болған. Өйткені жеке мектептердің біразы мамыр айының ақысын әлі ала алмай жүр. Бұл туралы Kursiv.Media-ға Жекеменшік білім беру ұйымдарының республикалық қауымдастығы төрайымы Роза Садықова айтты.
Ұстаздар ереуілі
«Қазіргі жағдайды баяндар болсам, мамыр айының ақысын әлі алмаған мектептер бар. Ұстаздардың конституциялық құқығы бұзылды деп санаймыз. Мұғалімдер мен кәсіпкерлер бүгінгі күнге дейін шыдап келді. Расында да, Ақорданың алдына барамыз деген сөздер шықты. Қауымдастығымдағы мектептер емес. Түркістан облысы және басқа да кәсіпкерлер ереуіл өткізу үшін бейсенбі күні (25 қыркүйек) Астанаға барады деген хабар жетті», – дейді ұйым басшысы.
Садықова, қауымдастық басшысы ретінде, ұстаздар қауымы ереуілге шыққалы жатқанын «Қаржы орталығының» басшылығына жақында ғана келген Шолпан Өтелбаеваға ескерткен.
«Мен хабарласқан уақытта Шолпан Әнуарбекқызы министрде отырғанын айтты. Мен телефон даусын қатты шығаруды сұрадым. Ереуіл басталғалы жатқанын ескерттім. Не істейсіздер, ақшаны қашаны төлейсіздер деген сияқты әңгіме болды», – дейді Садықова.
Оның айтуынша, ереуіл туралы әңгіме шыққаннан кейін әр өңірге ақша 29-30 қыркүйекте төленеді деген хабарлама түсе бастаған.
Министрдің қызметтен алынуы
Ұстаздар Астанаға барғалы жатқаны жөнінде хабар тарағанына көп уақыт өтпей, дүйсенбіде министр ауысқаны мәлім болды. Ғани Бейсембаев қызметтен алынып, оның орнына депутат Жұлдыз Сүлейменова келді. Садықова үкіметтегі ауыс-түйіске өткен апта соңындағы жағдайдың тікелей болмаса да, жанама әсері болуы мүмкін деп топшылайды.
«Қызметтен алу себептерінің бірі болған шығар. Президенттің министрді қызметтен алуы біз үшін жаңалық болды. Дегенмен 2024-2025 оқу жылы жекеменшік білім беру ұйымдары үшін өте ауыр тиді. Бір балаға шаққандағы ақшаны дер кезінде төлемеді. Мектептерге тиесілі ақша ай сайын үлккен күреспен бөлініп отырды. Осындай жағдай жеке мектептердің беделін қатты түсіріп жіберді», – дейді қауымдастық жетекшісі.
Жаңа министрге артылған үміт
Қауымдастық бұған дейін министрлік жанындағы қоғамдық кеңестің мүшесі болған жаңа министр Сүлейменовадан үміт күтеді.
«Зор сенім артып отырмыз. Қандай мәселелер барын түсіну үшін уақыт керек шығар. Сол себепті біз секілді қоғамдық ұйымдар жаңа министрге көмектесуге тырысады. Депутаттық тәжірибесі бар адам қысқа уақыттың ішінде жұмысты тез атқарып кетеді деп ойлаймын».
Қазақстанда 900-ге жуық жекеменшік білім беру мекемесі бар. Қауымдастық мәліметінше, солардың 300-ден астамы ата-ана ақшасынсыз, үкімет тапсырысымен ғана жұмыс істеп келеді. Биліктің әр оқушы бала ақысы 2024 жылдың аяғында қайта-қайта кешіге бастады. Ал биыл жеке мектеп ақысын төлеуді жергілікті бюджетке тапсырғалы, жағдай тіпті қиындап кетті.
Бұған дейін Kursiv.Media айлық ала алмай жүрген ұстаздар үкіметті сотқа бере алатыны туралы жазған.