Жаңалықтар

Қазақтың Мбаппе, Винисиус, Рамостары көкпар тартады — испан баспасөзіне шолу

Килиан Мбаппе / фото: shutterstock

«Қайрат» пен «Реал Мадрид» матчы қарсаңында испан баспасөзі Қазақстан туралы жарыса жазып жатыр. Басылымдардың бірі көкпар туралы жазып, жергілікті көкпаршыларды қазақтың Мбаппе, Винисиус, Рамостары деп сипаттады. Тағы бірі «Қайрат» қожайынын Қазақстанға McDonald’s әкелген магнат деп атаған.

Төреби – жергілікті Мбаппе

«Қазақстанның жер аумағы Испаниядан 5,7 есе үлкен, халқы екі есе аз, бірақ олар футболдан бір қадам артта тұр. Жергілікті тұрғындардың ең танымал ермегі – көкпар.», – деп жазды as.com испан тіліндегі спорт сайты.

Басылым көкпарды Алматының басты спорт түрі деп сипаттап, тілшілері «Алаш» пен «Тұран» көкпар командалары арасындағы ойынға барған. Жексенбі күні Көктөбе маңында өткен тартыс 11:10 есебімен «Алаштың» жеңісімен аяқталған. «Қайрат» пен «Реал Мадрид» матчы да дәл осылай тартып өтсе екен» деп әзілдеген жергілікті көкпаршылар.

«Олардың да өз жұлдыздары бар. Төреби – Мбаппе, Айдос – Винисисус, ал Бекзат – Серхио Рамос».

Алматыдағы көкпар / фото: as.com, ХЕСУС АЛЬВАРЕС ОРИХУЭЛА
Алматыдағы көкпар / фото: as.com, ХЕСУС АЛЬВАРЕС ОРИХУЭЛА

«Қайраттың» күші неде?

Басылым тілшісі «Ұлытау» сапында ойнайтын испан Хосе Каррильомен сөйлесіп, «Реал Мадрид» қарсыласының күші не деп сұраған.

«Блок. Олар топ болып жақсы ойнайды. Бірлігі мықты. Команданы үнемі қолдап, қарсыласқа қысым көрсетеді», – дейді Жезқазғандағы клуб сапында өнер көрсететін футболшы.

Бұған қоса, ол «Қайрат» Испанияда болса, екінші дивизионның орта тұсында жүрер еді деген.

Қазақстанға McDonald’s әкелген магнат

Испан тіліндегі El Pais басылымы кезінде «Қайратты» жаттықтырған испан бапкері Карлос Алос Феррермен сұхбаттасты. Ол алматылық клубтағы қызметтен 2018 жылы кеткен. Қазір Беларусь құрамасын жаттықтырып жүр.

Карлос Алос жеті жыл тұрын»Қайрат» клубының президенті Қайрат Боранбаевтың оны McDonald’s мейрамханасының ашылуына шақырған еске алған.

«Менің осы мейрамхананы жарнамалау үшін Андрей Аршавинмен бірге гамбургермен түскен суретім бар», – дейді бапкер.

Кезінде жемқорлық қылмысы үшін сотталған 59 жастағы олигархтың клубы содан бері айтарлықтай күшейгені сонша, енді сейсенбі күні Чемпиондар лигасында «Реалды» қабылдайды, деп жазды испан басылымы.

Дастан Сәтбаев – «Реалға» төнген қауіп

Mundo Deportivo басылымы болса 17 жастағы футбол жұлдызы Дастан Сәтбаев туралы материал жариялап, оны «Реал» үшін қауіпті ойыншылардың бірі ретінде сипаттады.

Алматыда жүрген испан тілшісі жергілікті әріптестерімен сөйлесіп, жас футболшы туралы сұраған. Kursiv.Media тілшісі жас жұлдызды Серхио Агуэроға балаған.

«Шапшаңдығы мен ептілігіне қарап, оны Агуэромен салыстырды. Дастанның бойында жетістікке жетелейтін қасиетттер көп. Ең бастысы – ол өте еңбекқор», – дейді Рауан Мутаир испан басылымына.

«Қайрат» пен «Реал Мадрид» футбол матчы 30 қыркүйекте Орталық стадионда өтеді.