Жаңалықтар

Талибан билігі Ауғанстанды толықтай интернеттен ажыратты

Ауғанстанда интернет толықтай ажыратылды / Фото: Atif Aryan/AFP

Ауғанстанда интернет байланысынан ажыратылды. NetBlocks халықаралық интернет бақылау қызметі Ауғанстанда ғаламтор желісінің толығымен өшірілгенін тіркеді.

«Қазіргі таңда Ауғанстан толығымен интернетсіз қалды, өйткені Талибан билігі моральдық нормаларды сақтау мақсатында шаралар қабылдап жатыр», – делінген қызметтің Telegram-дағы хабарламасында.

Олардың мәліметінше, елде интернет біртіндеп, 29 қыркүйек таңынан бастап өшіріле бастаған. Сонымен қатар мобильді байланыс қызметтерінде де ақаулар тіркелді. Бұл телекоммуникациялық жүйелердің, көлік және банк салаларының жұмысына айтарлық кері әсерін тигізген.

Интернеттің өшірілуі ұлттық және халықаралық әуе компанияларының қызметіне кері әсерін тигізді. Ауғанстандық телеарналар желідегі ақаулар олардың жұмысына кері ықпал еткенін мәлімдеді. Ariana Afghan Airlines компаниясының барлық рейсі, Ауғанстаннан ұшатын да, елге келетін де тоқтатылды. Flightradar24 сайтының дерегі бойынша, 30 қыркүйекте Кабулға бес халықаралық рейс тоқтатылған — Дубайдан үш, Стамбул мен Мәскеуден екі рейс. Сонымен қатар Кабулдан Дубай мен Ыстанбұлға шыққан бірнеше рейстер де жойылды. Тоқтатылған рейстердің көпшілігі Turkish Airlines және Fly Dubai компанияларына тиесілі болды.

Бұл – «Талибан» билікке келген 2021 жылғы тамыздан бері Ауғанстанда толық интернет өшірілген алғашқы жағдай. Қыркүйек айының ортасында тәліптер жартылай шектеулер енгізген еді. Атап айтқанда, Балх провинциясында оптикалық талшықты интернет өшірілді, ал Reuters агенттігінің дерегінше, көршілес өңірлер — Кундуз, Бадахшан, Баглан және Тахар да бұл әсерге ұшырады. Сол кезде үй-жайлар, мемлекеттік мекемелер мен жеке кәсіпорындар Wi-Fi-сыз қалды, бірақ мобильді интернет жұмысын жалғастырған еді.

Талибан билігінің талаптары

«Талибан» билікке келгеннен бері «адамгершілік нормаларын сақтау» деген желеумен ережелерді біртіндеп күшейтіп келеді. Алайда бұл шектеулердің басым бөлігі әйелдер мен қыздардың құқықтарына қатысты. Оларға білім алуға, ер адамның ертуінсіз сапар шегуге, саябаққа баруға, спортпен айналысуға және бірқатар салада жұмыс істеуге тыйым салынған. Сонымен қатар сұлулық салондары мен әйелдерге арналған баспаналар жабылды, әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықтан қорғау туралы заң күшін жойды.

Осыған дейін Ауғанстан билігі университеттерде әйелдер жазған кітаптармен оқытуға тыйым салған болатын