Жаңалықтар

Ауғанстанда интернет қайта қосылды

Ауғанстанда интернет қайта қосылды / Фото: Atif Aryan / AFP

Талибан үкіметі телекоммуникация жүйелерін өшіргеніне екі күн толғанда Ауғанстанда интернет қайтадан косыла бастады. Ауғандықтар желіге қайта оралғандарын көшеге шығып тойлаған. Бұл туралы BBC хабарлады.

Netblocks интернет-мониторлау қызметінің хабарлауынша, елдегі байланыс «ішінара» қалпына келе бастаған. BBC-дің Талибан үкіметіне жақын дереккөзінің айтуынша, интернетті қалпына келтіру туралы бұйрықты премьер-министрдің өзі берген.

Байланыстың 48 сағатқа үзілуі әсерінен елде кәсіпорындардың жұмысы мен әуе қатынасы бұзылып, шұғыл қызметтерге хабарласу мүмкін болмаған.

«Барлығы бақытты, ұялы телефондарын ұстап, туыстарымен сөйлесуде. Әйелдерден бастап, тәліптерге дейін байланыс қалпына келгенде телефон қолдана бастады. Қазір қалада адам көп», – дейді Кабулда сұқбат берген адамдардың бірі.

Талибанның ресми өкілдері телекоммуникацияның неліктен қайта қосылғанын түсіндірмеген. Ал интернетті өшіру себебін Балх провинциясындағы Талибан билігі «жамандықтың алдын алу» деп түсіндірген.

BBC-ге сұқбат берген ауған әйелдері «интернетке қосылу өмір ағымынан қалмаудың жолы» деп айтқан. Себебі тәліптер 12 жастан асқан қыз балаларға оқуға тыйым салған. Әйелдердің оқуы жұмыс істеуі ғана емес, қоғамдық орындарда сөйлеуі, дыбыс шығаруы да бақылауға алынған. Қыркүйекте университеттерде әйелдер жазған кітаптармен білім беруге тыйым салынған.