Жаңалықтар

Асыраушысынан айырылғандарға берілетін төлем мөлшері артады

Жаңа жылдан бастап екі әлеуметтік төлем мөлшері артады/фото: shutterstock

Елімізде мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан берілетін екі төлем мөлшерін арттыру жоспарланып отыр. Қаулы жобасын еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі «Ашық НҚА» порталында жариялады.

Құжат жобасына сәйкес, жаңа 2026 жылдан бастап еңбекке қабілетсіз қалғандарға және асыраушысынан айырылғандарға төленетін әлеуметтік төлем мөлшері артады.

Жоспар бойынша төлем мөлшері 2025 жылдан бастап төленіп келген сомадан 10%-ға көбейеді.

Қоғамдық талқылау 20 қазанға дейін жалғасады.

Айта кетейік, асыраушысынан айырылған жағдайда әлеуметтік төлем марқұмның отбасы мүшелеріне беріледі. Оның ішінде балаларға, оның ішінде асырап алынған балаларға, білім беру ұйымдарында күндізгі бөлімде оқитын баласына 23 жасқа толғанша беріледі.

Төлем қалай есептелетінін мына жерден көруге болады.

Айта кетейік, 2026 жылы Қазақстанда бала туғанда берілетін біржолғы жәрдемақы 10%-ға өседі. Нақтырақ айтсақ 149,4 мың теңгеден 164,3 мың теңгеге дейін артады. Бұл 2026–2028 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасында айтылған.