Жаңалықтар

ХАМАС әскери жетекшісі Трамптың бітім жоспарына қарсы шықты

Израиль күштері Газа секторында / фото:  REUTERS/Amir Cohen
Израиль күштері Газа секторында / фото:  REUTERS/Amir Cohen

Газа секторындағы ХАМАС әскери қанатының басшысы АҚШ ұсынған жаңа бітім жоспарын қабылдаудан бас тартқан. Бұл туралы BBC хабарлады.

Аталған жоспарды АҚШ президенті Дональд Трамп жариялап, Израиль оны қолдаған болатын. 20 тармақтан тұратын құжатта ХАМАС-тың толық қарусыздануы және Газа аймағын басқарудан шеттетілуі қарастырылған.

Алайда Иза әд-Дин әл-Хаддад бастаған әскери жетекшілер бұл жоспарды ұйымды жоюға бағытталған қадам деп бағалап, қарсылық танытты.

Негізгі себептер

  • Тұтқындар мәселесі. Жоспарға сәйкес, ХАМАС алғашқы 72 сағатта барлық тұтқынды босатуы тиіс. Қазіргі деректерге қарағанда, Газа аумағында 48 тұтқын бар, олардың шамамен 20-сы ғана тірі болуы мүмкін. ХАМАС үшін бұл – негізгі сауда тетігі.
  • Сенімсіздік. Ұйым өкілдері Израиль тұтқындарды қайтарғаннан кейін әскери операцияларды қайта бастайды деп қауіптенеді. Өткен айда Израильдің Дохадағы ХАМАС басшыларын әуе шабуылымен жоюға әрекет жасауы сенімсіздікті күшейткен.
  • Халықаралық күштерге қарсылық. Жоспарда АҚШ пен араб елдерінің «уақытша тұрақтандыру күштерін» Газаға орналастыру қарастырылған. ХАМАС мұны жаңа басқыншылық деп қабылдауда.
  • Қауіпсіздік аймағы. Израиль ұсынған картада Газа мен Мысыр, Израиль шекаралары бойында «қауіпсіздік буферлік аймағы» қарастырылған. Бұл да дау туғызуы ықтимал.

Саяси қайшылықтар

ХАМАС-тың Катардағы кейбір саяси басшылары жоспарды белгілі бір түзетулермен қабылдауға дайын екендерін білдірген. Бірақ олар тұтқындарды бақыламайтындықтан, ықпалы шектеулі болып отыр.

Ал Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху дүйсенбі күні келісімге қол қойғанымен, кейінірек бірнеше тармаққа қарсы шықты. Израиль әскері Газа аумағында қала беретінін және Палестина мемлекетіне «қарулы түрде қарсы тұратынын» мәлімдеді. Бұл АҚШ жоспарына қайшы келеді.