Банк пен қаржы

«Қазатомөнеркәсіп» акцияларын орналастыратыны туралы ақпаратты терістеді

Фото: ашық дереккөз

«Қазатомөнеркәсіп» қосымша акцияларын немесе жаңа акцияларын орналастыруды жоспарлап отырған жоқ. Бұл туралы компаниямен байланысқан Finmentor.kz арнасы жазады.

«Қазатомөнеркәсіп» АҚ ресми түрде хабарлайды. Компания қосымша акциялар орналастыруды (SPO), жаңа акциялар шығаруды немесе мемлекет үлесін азайтуды қарастырмайды және жоспарламайды. Бүгінгі таңда акционерлік құрылым өзгеріссіз қалған. Шамамен 63%-ы «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорына, 12%-ы Қазақстан Республикасының Ұлттық қорына тиесілі, ал 25%-ы еркін айналымда», – деп жазылған компания жауабында.

Бұған дейін «Қазатомөнеркәсіп» листинг үшін халықаралық алаңдарды қарастырған, бірақ нақты шешім қабылданған жоқ.

Мұндай мәлімдеме жасауға 2 қазанда Bloomberg-те «Қазатомөнеркәсіп» туралы жарияланған ақпарат себеп болды. Компания нарықтық құнын көтеру үшін еркін айналымдағы 25% акциясын биржаға шығаруды көздеп отыр деп жазған еді басылым.

«Қазатомөнеркәсіп» – әлемдегі ең ірі уран өндіруші компания, оның үлесі жаһандық өндірістің 20%-ын құрайды. KASE-де компания акциялары 29 мың теңге бағамен саудаланады.

Осы жылдың бірінші жартысының қорытындысы бойынша,  компанияның таза табысы екі есе азайып, 263,2 млрд теңге болды.