
Freedom SuperApp мобильді қосымшасы – соңғы бір жыл ішінде қазақстандық AppStore-дағы ең көп жүктелген алғашқы үш қосымшаның бірі.
Сонымен қатар, әлі де ең жылдам өсіп келе жатыр. Бұл туралы Freedom Holding Corp.-тың CEO-сы әрі мажоритарлық акционері Тимур Турлов мәлімдеді.
«Қазіргі таңда шамамен 1,6–1,7 млн ай сайынғы белсенді қолданушы бар (MAU – қосымшаны немесе онлайн-сервисті ай сайын қолданатын бірегей пайдаланушылар саны). Бұл бәсекелестерімізбен салыстырғанда айтарлықтай аз. Бұған қарамастан, біз – қазір ең көп жүктеліп жатқан қосымшамыз. Әрі ең жылдам өсіп келеміз. (Ал қосымшаны жалпы пайдаланушылар саны – «Курсив») 3 млн-нан асады», – деді ол Digital Bridge барысында.
Оның айтуынша, биылғы жылдың басында MAU небәрі 500 мың болған. Яғни тұрақты пайдаланушылар саны үш еседен артық артты. Турловтың пікірінше, Freedom экожүйесінің Қазақстанда әлі де айтарлықтай өсу әлеуеті бар. Бұл әртүрлі секторларда табысты ұлғайтуға мүмкіндік береді.
Ол қазіргі кезде Freedom экожүйесі 11 млн клиентке қызмет көрсетіп отырғанын айтты. Мұндай нәтижеге қол жеткізу үшін холдинг бірнеше жыл бойы барлық процестерді жүйелі түрде құрған.
«Бұл клиенттер өте жылдам SuperApp-қа ауысып жатыр. Сондықтан SuperApp-тың қазіргі қарқынды өсуі – шын мәнінде жеті жылдық дайындықтың нәтижесі. Жалпы адалдық бағдарламасы, бірыңғай авторизация сияқты элементтер бізге әр клиент ай сайын бір емес, екі сервисті тұрақты қолдануына жағдай жасап отыр», – деді ол.
Оның пікірінше, осындай жүйелі дайындық кейбір секторларда жедел өсуге жол ашқан.
«Қазір біздегі қарқынмен негізгі банкингтегі (core banking) көрсеткіштер, яғни ең табысты сегменттің өзі ай сайын 10%-ға өсіп жатыр. Мұндай өсімді мен брокерлік бизнесте ешқашан көрмегенмін, пандемия кезеңін қоспағанда», – деп бөлісті ол.
Турлов SuperApp-тың Қазақстандағы жетістігін шетелде де қайталауға болады деп санайды.
«Жақын уақытта біз Тәжікстанда банкті іске қоспақпыз. Мұнда біз банкті нөлден бастап құрдық. Сондай-ақ бірнеше елде лицензия алу процесін жүргізіп жатырмыз. Болашақты болжағым келмейді. Бірақ біз Орталық Азия мен Кавказда өз аймағымызды дамытамыз. Біздің өнім жеткілікті деңгейде мықты. Оны Еуропа мен АҚШ нарықтарына бейімдеуге болады деп ойлаймын», – деді ол.
Сонымен қатар ол реттеуші органдардан рұқсат алу – холдинг үшін ең үлкен кедергі екенін атап өтті.
«Дегенмен, халықаралық экспансия бойынша біздің команда – нарықтағы ең мықтылардың бірі. Біз өз өнімімізді басқа елдердің нарығына шығара аламыз», – деді Турлов.
Ол сондай-ақ қосымшаның белсенді пайдаланушыларына қатысты көрсеткіштердің жақсы екенін айтты. Клиенттер қосымшаны күнделікті жиірек қолдана бастаған.
«MAU әлі аса үлкен болмаса да, белсенді қолданушылар саны айтарлықтай. WAU (апталық белсенді қолданушылар) MAU-дан көп айырылмайды. Бұл мені қатты қуантады. Қазір ол MAU-дан небәрі 30%-ға аз», – деді ол.
Турловтың айтуынша, бұл Freedom картасы мен қосымшасының көптеген қазақстандық үшін негізгі қаржы құралына айналып келе жатқанын көрсетеді.
«Апталық және айлық пайдаланушылардың айырмашылығы аса үлкен емес. Бұл біздің картамыздың көптеген клиент үшін негізгі картаға айналғанын білдіреді. Бұрын клиенттер бір сервисті қолданса, қазір екі сервисті қатар пайдаланып жүр. Соңғы тоғыз айда көрсеткіштердің көбі серпін алды. Бірақ бұл – біз соңғы сегіз жыл бойы жасаған еңбектің нәтижесі. Сондықтан Қазақстанда біз үшін әлі бәрі алда. Оның үстіне, біздің өсуіміздің баяулау кезеңі әлі басталған жоқ. Ал басқа нарықтарда мұндай жүйені құруға уақыт қажет болады», – деді холдинг басшысы.
Бұған дейін inDrive негізін қалаушы әрі бас директоры Арсен Томский Қазақстанда 15 минутта жеткізу қызметін іске қосатынын хабарлаған болатын. Сондай-ақ «Қазахтелеком» төрағасы Бағдат Мусин жасанды интеллектке негізделген терапевт (AI-терапевт) қазірдің өзінде 30 қазақстандық емханада орнатылғанын, ал болашақта ол барлық медициналық мекемелерге енгізілетінін айтқан.
Айта кететін жайт, Freedom Bank мемлекет басшысына AI-көмекші мен тегін ChatGPT-ді таныстырды.