
Елімізде үш ай бойы жұмыс істемеген азаматтар есепке алынады. Бұл өзгеріс 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енеді. Әрі қарай деректер Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесіне беріледі. Бұл туралы Үкімет қаулысында айтылған.
Бұл шешім жеңілдігі бар азаматтарды нақты есепке алу және әлеуметтік қызметтердің сапасын арттыру мақсатында қабылданған. Барлық дерек МӘМС жүйесіне жіберіледі.
Мәліметтер тек қазақстандықтар бойынша емес, шетел азаматтары, оның ішінде ЕАЭО елдерінен келген еңбек мигранттары мен олардың отбасы туралы да жинақталады. Тізімге жұмыссыз ретінде тіркелгендер, мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған жұмыс істемейтін ата-аналар, І топтағы мүгедектігі бар адамға күтім жасайтын азаматтар, зейнеткерлер мен ардагерлер кіреді.
Жұмыс істемейтін азаматтар туралы мәліметтерді «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы «Отбасының цифрлық картасы», «Еңбек нарығы», «Зейнетақы мен жәрдемақы алушылардың орталықтандырылған деректер базасы» және «Төлемдерді өңдеу ұйымы» жүйелері арқылы жинайды.
Айта кетейік, Қазақстанда міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесі 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап жұмыс істейді. Жүйе енгізілгеннен кейін денсаулық сақтау саласын қаржыландыру 2,5 есе өсті.