
Апта басынан бері S&P 500 индексінің фьючерсі 1,52%-ға өсіп, 6715 пунктке жетті. Нарық жаңа тарихи рекордтар орнатып жатыр – соңғы шарықтау 6737 пункт деңгейінде тіркелді. Үш күн қатарынан өсу қарқыны бәсеңдемей, индекстің экстремалды межесі 6900–7000 пунктке дейін жетуі мүмкін екендігін көрсетіп тұр. Дегенмен АҚШ-тағы саяси белгісіздік инвесторларға қысым түсіріп отыр: үкімет жұмысы «шатдаун» режимінде, ал Конгресс әзірге келісімге келе алмады.
АҚШ экономикасы
Жұмыс нарығында әлсіздік байқалады. ADP мәліметтері қыркүйекте 32 мың жұмыс орнын жоғалтқанын көрсетті. Бұған қоса, тамыз айының көрсеткіші қайта қаралып, бұрынғы өсім орнына қысқару тіркелді. PMI индексі бойынша да аралас деректер шықты: S&P Global өндірістік белсенділіктің 53,0-ден 52,0-ге төмендегенін айтса, ISM керісінше 48,7-ден 49,1-ге көтерілді.
ФРС-қа қысым күшейіп келеді: сарапшылар 2025 жылы тағы екі рет пайыздық мөлшерлемені төмендету қажет болады деп болжайды. Инвесторлар қысқа мерзімді құлдырауларды сатып алып жатыр, апталық ауқымда SPDR S&P 500 ETF Trust-қа $7,23 млрд жаңа қаржы тартылды. Бұл ірі ойыншылардың раллидің жалғасуына сенімін білдіреді.
Саяси тәуекелдер
Үкімет жұмысының уақытша тоқтауы АҚШ қаржы нарығына көлеңке түсіріп тұр. Демократтар мен республикандар арасындағы келіссөздер әзірге нәтиже бермеді. Жаңа дауыс беру жұмада күтілуде, бірақ үміт аз.
Әлемдік нарық
Еуропада FTSE 100 индексі 0,15%-ға көтерілді. Ал Қытай нарықтары да оптимизм танытты: Hang Seng 1,35%-ға өсіп, 27 140 пунктке жетсе, Shanghai Composite 0,74%-ға көтерілді. Бұл Қытай экономикасына байланысты соңғы оң жаңалықтардан кейінгі ілгерілеуді білдіреді.
Ресейлік МосБиржа керісінше 3,42%-ға құлдырады, геосаяси факторлар мен рубльдің әлсіреуі бұл нарыққа қысым түсіріп тұр.
Нарықтардағы басқа оқиғалар:
- Мұнай: Brent бағасы 64,74 доллар деңгейінде, техникалық жағынан әлсіз кезең байқалады. Қолдау аймағы бұзылса, баға 55-57 доллар диапазонына дейін төмендеуі ықтимал.
- Алтын: Баға 3850-3950 доллар межесіне жетті. Металл шамадан тыс қымбаттап, шектен тыс сатып алу жағдайына түсті. Ендігі қадам – нарықтың кері бұрылу ықтималдығы.
- Валюталық нарық: EUR/USD жұбы 1,19180 деңгейінен қайтып, 1,16450-ге түсті. Қазір айқын бағыт жоқ: әрі қарайғы динамика 1,17600–1,17800 аймағынан жоғары бекінуіне немесе 1,15000 төмен түсуіне байланысты болады.
Теңге
Валюталық нарықта USD/KZT аптаны 546,87 теңге аралығында аяқтады. Осы аптада айырбас бағамдарында доллар құны 552 теңгеге дейін сатылды. Ресми нарықта доллардың құны 550 теңгеге жетпесе де, осы дәлізге ұмытылып көрді.
Қазақстан нарығы
Өткен аптада KASE индексі 0,25%-ға өсіп, 7160 пункт деңгейінде бекіді. Бұл – Қазақстан нарығының салыстырмалы тұрақтылығының белгісі. Алайда жекелеген компаниялардың акциялары әртүрлі бағытта қозғалды.
ҚазМұнайГаз осы апта кезекті рекордын жаңартты. Қазанның бірінші күнінде максималды прайс шыңы 22 219,99 теңгеге жетті. Ал уран державасы ҚазАтомПром-ның бейсенбі күні акция құны 29 914,29 теңгеге жетті. Енді бір жағымды жаңалық болса, психологиялық меже (30 мың) тестілеп көрмек. Дегенмен соңғы 6 айдағы өсім +66,1%. Тағы бір байқайтын жайт- бұрыңғы Лондондағы лаг айтарлықтай қысқарыпты.
AirAstana-ға да қазан айы жаққан тәрізді. Бейсенбі күні AIRA акция бағасы 845 теңгеге дейін көтерілді. Бұл прайс- осы жылдың ең жоғарғысы. Соңғы 3 аптада компанияның акция құны жақсы көтерілді.
Форте банк аптаны 12,4 пайыздық құлдыраумен жапты. Ал Насдактағы Kaspi қыркүйектегі 90 доллардан біртіндеп төмендер, осы жұма күні 79,8 долларға дейін түсті. БЦК болса апта бойы 5 мыңның сызығында тұр. Сауда көлемі орташа күніне шамамен 100-107 мың доллардың арасында.
Қорытынды
S&P 500 техникалық тұрғыда жаңа кезеңге шықты. Бастапқы мақсат – 6500–6600 пункт – орындалды. Қазіргі меже 6737 деңгейінде. Егер 6720–6740 аймағы артта қалса, индекстің 6900–7000 таргетіне жетуі ғажап емес. Ал мұнай мен алтынның қозғалысы керісінше белгісіздікті арттырып отыр. Алдағы аптада Джером Пауэллдің сөздері мен FOMC хаттамалары негізгі фактор болмақ.