
ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Қазақ спорт және туризм академиясының студенті, жас қақпашы Шерхан Қалмырзамен кездесті.
Кездесу барысында министр бұқаралық спорттың қоғамдағы маңызы мен жоғары білімнің жастардың болашағын қалыптастырудағы рөлін атап өтті.
«Мемлекет басшысы балалардың денсаулығы мен сапалы білім алуына ерекше мән береді. Бұл – еліміздің келешегіне тікелей қатысы бар мәселе. Біз жастарды жан-жақты қолдап, олардың әлеуетін ашуға және елдің халықаралық беделін арттыруға жағдай жасап келеміз. Әр спортшы халықаралық стандарттарға сай білім алуы тиіс. Бұл оларға тек спорттағы жетістікке емес, өмірдің басқа салаларында да табысқа жетуге мүмкіндік береді. Шерханның жетістігі – бүкіл қазақстандық жастарға үлгі», – деді министр Саясат Нұрбек.
Кездесу барысында талантты студенттің еңбегі ескеріліп, Шерхан Қалмырзаға ректордың білім беру гранты табысталды. Бұл бастама дарынды жастарды қолдаудың және жаңа буынды қалыптастырудың айғағы ретінде бағаланды.
Қазақ спорт және туризм академиясының спорт және тәрбие жұмысы жөніндегі проректоры Мұхтар Есқалиев оқу орнының жастар бастамаларын әрдайым қолдайтынын айтты. Өз кезегінде Шерхан көрсетілген сенім мен қолдау үшін ризашылығын білдіріп, Қазақстандағы футболдың дамуына үлес қосуға ниетті екенін жеткізді.
Еске сала кетейік, 18 жастағы Шерхан Қалмырза биыл «Қайрат» футбол клубында дебют жасап, «Спортинг», «Реал Мадрид» сияқты алыптарға қарсы ойнады.
Сондай-ақ, кәсіпкер Ұлықбек Шәріпов жас қақпшыға көлік сыйлаған еді. Ал «Жетісу» футбол клубының бас бапкері Самат Смақов Шерханға тым асыра көңіл бөлмеуді сұрады.