
Астанада салынып жатқан Ellington туристік ауданы құрылысы 2028 жылға қарай аяқталуы мүмкін. Бұл туралы қаланың инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасы басшысы Халел Әкімжанов айтты.
«Қалада ең үлкен сауда ойын-сауық орталығы салынып жатыр. Ол жерде аквапарк болады. Құрылысы 2-3 жылда аяқталады деп жоспарланған. Шетелдік компания өз қаражатына салынып жатыр, бюджеттен ақша бөлінбеген. Әкімдік тарапынан су, кәріз инфрақұрылымын тарту бойынша көмек көрсетіліп жатыр», – дейді Әкімжанов.
Бұған дейін қалада көпфункционалды туристік аудан құру инвестиция жобасын іске асыру мақсатында Астана әкімдігі мен «Ellington Group KAZ» Ltd компаниясы арасында меморандумға қол қойылды. Жоба құны шамамен 1 млрд доллар екені айтылды. Құрылыс 2020 жылы басталып, 2027 жылға дейін аяқталады деп жоспарланды.
Үкіметтің хабарлауынша, кешен аумағы – 2,6 млн шаршы метр, қосымша құрылыстар аумағы – 333 га. Мұнда аумағы 15 мың шаршы метр болатын аквапарк, ойын аймағы, саябақтар, террасалар, кеңсе және коммерциялық үй-жай, қонақүйлер, әлеуметтік және тұрғын үйлер болады.