Жаңалықтар

Берденовті атуға тапсырыс берілген бе

Берденовті атуға тапсырыс берілген бе?/ Фото: коллаж kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Руслан Берденовке 5 рет оқ атып, жаралаған Ернар Жиембайдың қоғамдық қорғаушысы әрі әкесі кешірім сұрауға барғанда, жәбірленуші тарап атуға кім тапсырыс бергені жөнінде сұраған. Бұл туралы 8 қазан күні Шымкент қалалық сотында аппелияциялық шағымды қарау кезінде айтылды.

Жиембай Пірәлиевтің сотта айтуынша, Берденовке оқ атылғаннан кейін олар тапсырысты әкімдік берген бе деп сұрап, күдігін айтқан.

«Сот үкіміне дейін Берденов іске бір-ақ рет қатысты. Сотқа менің оған мың сұрағым бар дедім. «Ол келсін, сұрақ қояйын. 30 жастағы балам түрмеде отыр. Ол ешнәрсе істеген жоқ, оны менің балам ата салды ма? Мен соны анықтауым керек» дедім. Ол келмеді, қашып кетті. Сұрақ қоюға мүмкіншілік болмады. Шындығында оқиға орын алысымен ертеңіне жұбайым екеуіміз кешірім сұрайық деп №1 қалалық ауруханасының жан сақтау бөліміне бардық. Кіргізбейді деді. Сырттан ағайындарын іздедік. Болмаған соң адамдар салдық. Астанадан адамдар келді. Республика партиясының төрағасы Сырымбек Таумен жолықтық. Аурухананың алдында бәріміз әңгімелестік. Олар «тапсырыс беруші әкімдік» деді. Менің балам киллер емес» дедім. Бәріміз келісімге келдік, кешірім мәселесі қаралатын болды», – деді Пірәлиев.

Дегенмен Берденов Жиембайға кешірім бермеген. Кейінгі кездесуде де тапсырысты әкімдік не әкім аппараты берді ме деген сөз қайта айтылған.

«Сіз біз жазып берген мәлімдемені жариялайсыз деді. Жарияладық. Бірақ кешірім мәселесі созыла берді. Ауруханадан шыққан соң шешемін деді. Балаңыз тергеуде жауап бермесін, болған жағдайды айтпасын деді. Тергеуде балам сөйлемеді. Үйіне барып едік, енді келініңіз мәлімдеме жасасын деді. Ол да бізге ауыр болды. Текст солардікі, келінім соны жазып жариялады. Сонда да кешірім бермеді. Берденов өз өкілі Жеңіс Тынысбекпен жолық деді, жолықтық. Ол «тапсырыс беруші аппарат басшысы» деп жатыр деді. «Мұнда аппарат басшысы, әкім деген жоқ. Өзі баламның намысына тиген. Келін бар, талай нәрсе бар онда. Соны көтере алмады, ешкімді араластырмаңдар» дедім. Баламның мінезін білемін, өлсе де намысын бермейді», – деді Пірәлиев.

Бүгін қалалық сот үкімге келіспеген екі тараптың түсірген апелляциялық шағымдарын қарай бастаған. Бұған дейін сот Жиембай «Адам өлтіру» бабымен кінәлі деп танып, 9 жылға сотталған еді.

Айта кетейік, 21 сәуір күні Берденовке қала әкімдігі ғимаратының маңында қалалық тұрғын үй басқармасына қарасты серіктестіктің бұрынғы басшысы Ернар Жиембай оқ атып, жаралаған еді. 4 айдан соң сот оны «Адам өлтіру» бабымен кінәлі деп танып, 9 жылға түрмеге жапқан. Көп өтпей Берденов өз еркімен қала әкімі орынбасары қызметінен кеткен.