
Forbes Kazakhstan 2025 жылғы «Қазақстанның ең ықпалды 50 бизнесмені» рейтингін жариялады.
Рейтингтің бірінші орнында биыл Болат Өтемұратов тұр. ForteBank иесі мен бақылаушы акционері жыл ішінде банк активтерін едәуір арттырды. 2025 жылы ForteBank Home Credit Bank-тің 100% акциясын сатып алып, активтер көлемін шамамен 6 трлн теңгеге жеткізді. Бұл мәміле банк нарығында жаңа ойын ережесін қалыптастырды деуге болады.
Вячеслав Ким (Kaspi.kz және Alatau City Bank-тің иесі) рейтингтегі екінші орнын сақтап қалды. Оның компаниялары қаржы технологиялары мен бөлшек сауда нарығында ықпалын кеңейтіп келеді. Kaspi.kz биыл түріктің Rabobank A.Ş бөлімшесін сатып алу туралы келісім жасаған еді.
Ең ықпалды кәсіпкерлер арасында үшінші орында Нұрлан Смағұлов тұр. Ол – Astana Group холдингінің негізін қалаушы және иесі. Холдинг құрамына бірнеше ірі бағыт кіреді.
Төртінші орында Freedom Holding Corp. басшысы Тимур Турлов. Freedom экожүйесі бүгінде қаржыдан бөлек, электронды коммерция мен технологиялық стартаптар бағытында да белсенді дамып келеді. Оның Freedom Bank және брокерлік құрылымдары Қазақстанның қаржы инфрақұрылымында маңызды рөл атқарып отыр.
Бесінші орынға биыл Тимур Құлыбаев көтерілді. Ол мен жұбайы Динара Құлыбаева екеуі «Халық банкінің» негізгі акционерлері. Сонымен қатар олардың иелігінде Altyn Bank және бірқатар өндірістік және логистикалық жобалар бар.
Өткен жылғы тізімнің көшбасшысы болған KAZ Minerals компаниясының акционері Владимир Ким биыл бірден алтыншы орынға түсті. Ол – KAZ Minerals Ltd. президенті әрі акционері. Компания құрамына Бозшакөл мен Ақтоғай сияқты стратегиялық маңызы бар мыс кеніштері кіреді. Сонымен қатар Ким – Bank RBK акционері, яғни оның бизнес мүдделері тау-кен және қаржы секторын тоғыстырады.
Жетінші орында BI Group холдингінің акционері әрі директорлар кеңесінің төрағасы Айдын Рахымбаев. Ол құрылыс саласындағы табысты жобаларымен қатар, әлеуметтік және білім беру бастамаларымен де танымал. Рахымбаевтың бастамасымен іске қосылған IQanat және «Аналар үйі» жобалары Гарвард бизнес мектебінің кейстер қатарына енді.
Сегізінші орынға Шухрат Ибрагимов жайғасқан. Ол – ERG (Еуразиялық топ) директорлар кеңесінің төрағасы. Ибрагимов отбасына ERG тобының негізгі үлесі тиесілі. Оның жетекшілігімен компания Хромтау жел электр станциясын (150 МВт) іске қосты. Сонымен қатар Еуразиялық банктің және «Евразия» сақтандыру компаниясы директорлар кеңесінің мүшесі.
Тоғызыншы орындағы Андрей Лаврентьев – автомобиль және машина жасау индустриясының ірі ойыншысы. Ол «Аллюр тобының», «Агромашхолдинг KZ» және Qarmet компанияларының акционері. Лаврентьевтің басқаруындағы кәсіпорындар Chevrolet, Kia, JAC, Jetour, Skoda сияқты маркаларды шығарып, елдің автонарығында жетекші орын алады.
Оныншы орында Кеңес Рақышев, Fincraft Group холдингінің иесі. Оның бизнесі кең ауқымды қамтиды: мұнай мен никель өндіруден бастап, банк және технологиялық жобаларға дейін. Рақышев – БТА банкінің акционері, сондай-ақ Equus Petroleum, Tethys Petroleum, Beineu Petroleum және Fincraft Resources компанияларында үлесі бар. Ол Шухрат Ибрагимовпен бірге Шұбаркөл Премиум көмір өндіруші кәсіпорнын иеленеді. Сонымен қатар Рақышев Алматыдағы Шоқан Уәлиханов атындағы жеке мектеп пен «Сәби» қайырымдылық қорының құрылтайшысы.
Банк ЦентрКредит иесі Бақытбек Байсейітов биыл 19-орыннан 12-орынға көтерілді.Сондай-ақ Эльдар Сарсенов (Нурбанк) те 42-ден 39-орынға жылжып, өз позициясын нығайтты.
Сонымен қатар былтыр рейтингке енбей қалған бес кәсіпкер биыл қайта оралды. Олардың қатарында:
- Қайрат Боранбаев – бірден 20-орыннан,
- Бауыржан Оспанов – 41-орыннан,
- Алмас Құдайберген – 47-орыннан,
- Айдарбек Қожаназаров – 49-орыннан,
- Ерлан Сүлейменов – 50-орыннан көрінді.
Рейтингте бір жаңа есім де бар – Айғазы Құсайынов. Ол – International Educational Corporation Ltd. компаниясының иесі. Компания құрамына KazGASA, Қазақ-Американ университеті (КАУ) және Digital College білім беру ұйымдары кіреді.