Жаңалықтар

Жетісу облысында үш бала газдан уланып қалды

Жетісуда үш бала газдан уланды /фото: shutterstock

Жетісу облысының Көксу ауданындағы Балпық би ауылында үш бала, оның ішінде бір нәресте, газдан (көміртегі тотығы) уланып қалды. Қазір олар ауруханада, жағдайы орташа деп хабарлайды өңірдің төтенше жағдай департаменті.

ТЖД мәліметінше, оқиға 7 қазанда болған. Отбасы отынмен жағылатын пешті пайдаланған. Ата-анасының жағдайы, олардың қайда болғаны әзірге белгісіз.

«Үй иелерінің балалары көміртек тотығымен улану белгілерімен ауруханаға жеткізілді. Барлық зардап шеккендердің жағдайы орташа ауыр», — деп жазылған хабарламада.

Ведомствоның мәліметінше, балалар 2015, 2020 және 2025 жылдары туған. Оқыс оқиғаға қауіпсіздік ережесінің бұзылуы, мұржаны дер кезінде тазаламауы себеп дейді мамандар.

Осы жылы қыста Қостанайда бес бала үйде өртеніп кеткен еді. Анасы үлкен баласына пешке отын салуды тапсырып, үйден шығып кеткен. 13 жастағы бала пластик бөтелкені отқа салып жіберіп, оның соңы үлкен өртке ұласты.