
Премьер-министр Олжас Бектенов депутат Жигули Дайрабаевтың сауалына берген жауабында азық-түлік бағасын қымбаттатып жүрген делдалдарға енді бұрынғыдай ескерту емес, айыппұл салынатынын мәлімдеді.
Өнімсіз делдалдар
Ресми жауапқа сәйкес, бағаның өсуіне себеп болатын өнімсіз делдалдарды анықтап, олармен күрес күшейген. Үкімет басшысы Олжас Бектеновтің мәліметінше, өңірлерде баға белгілеудің барлық кезеңінде делдалдық схемаларды әшкерелеу жөніндегі комиссиялар тұрақты жұмыс істейді.
«Жыл басынан бері мұндай комиссиялар 735 отырыс өткізіп, 2285 өнімсіз делдал мен сауда үстемесін заңсыз көтеру фактілерін анықтаған. Бұл делдалдар – логистика, сақтау немесе сату кезінде ешқандай қосылған құн жасамай, тек арада пайда табуды көздейтін субъектілер», – дейді жауабында Бектенов.
Баға ойындары
Бектеновтің айтуынша, заңнамалық деңгейде өнімсіз делдалдарға қатысты талаптарды қатайту көзделіп отыр. Сатып алу процесіне қатысушылар құрамын нақтылау, сондай-ақ сауда үстемесін асыру үшін айыппұл санкцияларын енгізу жоспарланған. Енді Әкімшілік кодекске енгізілген өзгерістерге сәйкес, бұрынғы «ескерту» шарасы 5-тен 150 айлық есептік көрсеткішке (АЕК) дейінгі айыппұлмен алмастырылған.
Сонымен қатар электрондық шот-фактуралар арқылы өндірушіден соңғы алушыға дейінгі баға тізбегі қадағаланып, бұзушылықтарды анықтау жеңілдеп отыр. Үкімет бұл шаралар ашық баға саясатын қамтамасыз етуге, өнімсіз делдалдар санын азайтуға және ауыл шаруашылығы өндірушілерінің мүддесін қорғауға бағытталғанын атап өтеді.
Айта кетейік, қыркүйекте Қазақстандағы инфляция қарағанда 12,9%-ға дейін жеделді. Елімізде негізінен ет, май, алкогольсіз сусындар бағасы күрт өскен.