
АҚШ Президенті Дональд Трамп Египетте өткен келіссөздер нәтижесінде Израиль мен ХАМАС Газа секторындағы қақтығысты тоқтату және тұтқындарды босату жөніндегі бейбіт жоспардың бірінші фазасын жүзеге асыруға келіскенін мәлімдеді.
«Израиль мен ХАМАС біздің бейбіт жоспарымыздың алғашқы кезеңіне қол қойды. Бұл дегеніміз, барлық тұтқындар жақын күндері босатылады, ал Израиль келісілген сызыққа өз әскерін қайтарады. Бұл ұзақ мерзімді және мәңгілік бейбітшілікке алғашқы қадам», — деп жазды Трамп өзінің Truth Social желісінде.
Трамп бұл күнді араб және мұсылман әлемі, Израиль мен АҚШ үшін «ҰЛЫ күн» деп атап, келіссөздерге атсалысқан Катар, Египет және Түркия биліктеріне алғыс білдірді.
Келіссөздерге Трамптың арнайы өкілі Стив Уиткофф және президенттің күйеубаласы Жаред Кушнер қатысқан. Сондай-ақ Қатар премьер-министрі мен Түркия барлау қызметінің басшысы да кеңеске қосылды.
Тоқаев: «Бейбіт келісім – бүкіл адамзат үшін маңызды қадам»
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Газа секторындағы атысты тоқтату және тұтқындарды босату жөніндегі келісімді қолдады. Бұл туралы Мемлекет басшысының көмекшісі-баспасөз хатшысы Руслан Желдебай хабарлады.
«Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Египеттегі жанама келіссөздер нәтижесінде жасалған келісімді қолдай отырып, бейбітшілікті орнатуға бағытталған Египет, Қатар, Түркия елдерінің және АҚШ-тың, соның ішінде Президент Дональд Трамптың еңбегін жоғары бағалады», — деп жазды Желдебай.
Мемлекет басшысы бұл келісімнің Таяу Шығыста тұрақты бейбітшілік орнатуға бағытталған маңызды тарихи оқиға екенін атап өтті.