Жаңалықтар

Тоқаев «Таза Қазақстан» экологиялық акциясына қатысып, ағаш екті

Токаев на субботнике
Фото: Ақорда

Тоқаев «Таза Қазақстан» экологиялық акциясына қатысып, Астанадағы Ботаникалық саябақта еріктілермен бірге ағаш екті. Бұл туралы Ақорда жазады.

Жалпыұлттық іс-шара аясында биыл республика аумағында 2,4 миллионға жуық көшет отырғызылған. Президент Jasyl El ұйымының белсенділерімен әңгімелесіп, қоғамдық жұмысқа атсалысып жүрген жастарға алғыс айтты

– Баршаңызға ризашылығымды білдіремін. Бұл – өте қажетті жұмыс. Еліміз бен халқымыз үшін керек іс. Сондықтан Сіздерге табыс тілеймін. Істеріңіз сәтті болсын. Ең алдымен ниетіміз таза болуы керек. Отанымыз үшін қызмет етуге тиіспіз. Jasyl El ұйымының жұмысын қолдаймын. Жұмыстарыңыз өзге жастарға өнеге, олар Сіздерден үлгі алады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Фото: Ақорда

Сондай-ақ ол «Нұра» ауданындағы Greenline бульварын аралап көрді. Аумағы 3,8 гектар болатын нысандағы жұмыстың бірінші кезеңі аяқталған. Мұнда жаяу жүргіншілерге және велосипедшілерге арналған жолдар, сәулеттік қалыптар және жасанды тоғандар бар.

Қала әкімі Жеңіс Қасымбек елордада қазір 170 қоғамдық кеңістік пен ауланы абаттандыру бойынша кешенді бағдарлама іске асырылып жатқанын айтты.

Бұл жұмыстар Ботаникалық бақта, Триатлон паркінде, Ататүрік, Бейбітшілік және келісім, Президент саябақтары мен қаланың негізгі көшелерінде жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар «Мыңжылдық» аллеясын абаттандырудың тұжырымдамасы жасалды. Есіл өзенінің жағалауын реконструкциялау шаралары аяқталуға жақын.

Тоқаев қала инфрақұрылымын жетілдіру, тұрғындарға заманауи әрі қолайлы, экологиялық тұрғыдан таза орта қалыптастыру бағытындағы жұмыстарды жалғастыру жөнінде тапсырма берді.