Банк пен қаржы

Ұлттық банк топ-менеджерлері былтыр 1,7 млрд сыйақы алды

Фото: shutterstock
Фото: shutterstock

2024 жылы Ұлттық банк (ҰБ) басшылығындағы отыз шақты адамға шамамен 1,7 млрд теңге сыйақы төленді. Топ-менеджерлердің табысы бір жылда 23%-ға көбейді.

Сыйақы мен жалақы

Қазақстанның қаржы нарығын реттеуші орталық мекеме – Ұлттық банк былтыр басшылық құрамындағы бір топ менеджерге 1 692 435 000 теңге төледі. Осындай мәлімет қадағалаушы мекеменің 2024 жылға арналған қаржы есебінде жарияланды.

«2024 жылы Қазақстан Ұлттық банк Басқармасының және Директорлар кеңесінің мүшелеріне сыйақы 1,692,435 мың теңге болды. Сыйақыға жалақы мен басқа да төлемдер қосылған», – делінген жылдық есепте.

Осылайша, қадағалаушы мекеме басшыларының табысы бір жылға 22,8%-ға артты. Өйткені 2023 жылы банк топ-менеджерлерге 1 378 653 000 теңге төлеген.

Ұлттық банк басшылары

Қадағалаушы банктің ресми сайтындағы мәліметке қарағанда, ҰБ басқарма құрамы тоғыз адамнан тұрады. Оның ішінде үш министр мен бір агенттік басшысы бар.

ҰБ Басқарма құрамы:

Тимур СүлейменовҰлттық банкінің төрағасы
Ерұлан ЖамаубаевҰБ төрағасының бірінші орынбасары
Ақылжан БаймағамбетовҰБ төрағасының орынбасары
Әлия МолдабековаҰБ төрағасының орынбасары
Данияр
Вагапов
ҰБ төрағасының орынбасары
Қанат ШарлапаевҚазақстан президентінің экономика жөніндегі көмекшісі
Серік ЖұманғаринПремьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі
Мадина ӘбілқасымоваҚаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы
Мәди ТәкиевҚаржы министрі

Бұған қоса, Ұлттық банктің үлкен директорлар кеңесі де бар. Ол 26 адамнан тұрады. Кеңес құрамына Сүлейменов пен оның жеті орынбасары, түрлі департаменттердің 17 директоры, аппарат басшысы және бухгалтер кіреді.

Банк құпиясы

Осылайша, 2024 жылы 1,7 млрд теңге шамамен отыз шақты топ-менеджерге төленген болып шығады. Дегенмен олардың әрқайсының айлығы мен сыйақы көлемі қанша екені белгісіз. Сүлейменов те 10 қазандағы брифингте банк басшыларының табысы туралы сауалға жауап беруден бас тартқан.

Ұлттық банк қана емес, «Самұрық Қазына» әл-ауқат қоры секілді мемлекетке қарасты ірі мекеме басшыларының нақты қанша айлық алатыны көпшілікке беймәлім.