
Шымкент қалалық соты Түркістан облыстық білім басқармасының бұрынғы басшысы Ғалымжан Жұмашевтың апелляциялық шағымын қарай бастады, деп хабарлайды Kursiv.Media. Оны сот шілде айында 7 жыл 6 айға бас бостандығынан айырған еді.
15 қазан күні Шымкент қалалық сотының қылмыстық істер жөніндегі алқасы Қылмыстық кодекстің «Алаяқтық» және «Қылмыстық жолмен алынған ақшаны және өзге мүлікті заңдастыру» бабымен сотталған Түркістан облыстық білім басқармасының бұрынғы басшысы Ғалымжан Жұмашевтың апелляциялық шағымын қарай бастады. Ол кінәсін мойындамаған, бірінші сатылы сот үкіміне келіспеген.
Менің қорғауымдағы Ғалымжан Жұмашевқа қатысты қылмыстық іс екі жағдайда қысқартуға жатады. Біріншіден, сотқа дейінгі тергеп-тексеру кезінде және сот тергеуінде Жұмашевтың Конституциялық құқығы қолдан бұзылған. Екіншіден, Жұмашевтың әрекетінде қылмыс құрамы жоқ. Сондықтан бұл іс ақтауға жатады, – деді сотталушының қорғаушысы Бекенбай Әшіров.
Сотқа Жұмашевпен бірге сотталып, «Алаяқтық» бабымен бас бостандығы 2 жыл 8 айға шектелген Тараз қалалық прокуратурасының бұрынғы прокуроры Нұрсұлтан Тілешов те қатысты. Ол да үкіммен келіспейтінін айтқан. Жұмашев бұл сот сатысында да өзін толық ақтауды сұрайды.

«Бұл жерде ешқандай дәлел жоқ. Куәлер қолымен мені көрсетіп тұр. Басқа ештеңе жоқ. Ақшаны 5 желтоқсан күні маған бердік дейді. Бұл күні Шымкентте болған жоқпын. Осыны мен сотқа дәлелдей алмай отырмын. Телефон байланысы арқылы менің қайда болғанымды тексеріңдер десем, соны ешкім істемей отыр. Егер менің қайда болғаным анықталса, бұл іс толық жабылады. Соттан толық ақтауды сұраймын», – деді Жұмашев.
Оның сөзінше, осы уақытқа дейін 14 эпизод бойынша айып тағылған. Оның 12-сі дәлелденбеген.
Айта кетейік, қалалық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты шілде айында үкім шығарған. Сот жазадан бөлек Жұмашевті жәбірленушіге 2 ай ішінде 67 миллион теңге қайтаруды міндеттеген. Сотталушылар сот үкіммен түбегейлі келіспейтінін мәлімдеген. Алғашында Жұмашевке Қылмыстық кодекстің «Пара алу», «Пара беру» бабымен де айып тағылған. Прокурор жарыссөзде соттан дәлелін таппаған соң бұл баптарды айыптаудан алып тастауды сұраған болатын.