Байқоңырдан ұшатын Прогресс МС-34 жүк кемесіне улы гептил құйылды

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
Байқоңырдан ұшқан Прогресс МС-33 жүк кемесі
Прогресс МС-33 жүк кемесі Байқоңыр ғарыш айлағынан 22 наурызда ұшқан / фото: Роскосмос

Байқоңыр ғарыш айлағында «Роскосмос» мамандары Прогресс МС-34 жүк кемесін ұшуға дайындап жатыр. Осы аптада аппаратқа отын құйылды. Жүк кемесі аса улы гептилмен ұшады.

Улы гептил құйылды

Прогресс МС-34 жүк кемесі 26 сәуірде Байқоңыр ғарыш айлағынан ұшырылады. Қазір оның ұшуға дайындау жұмыстары жүріп жатыр.

«Роскосмос» мамандары «Прогресс МС-34» жүк кемесіне отын құю операциясын аяқтады», – деп хабарлады ресейлік мекеме.

Гептил – жүк кемесінің басты отыны. Онымен бірге амил тотықтырғыш ретінде құйылады. Бейсимметриялы диметилгидразин, яғни гептил аса улы зымыран отыны. Ол адам ағзасына немесе қоршаған ортаға түссе, қатты улап, жүйке жүйесін зақымдайды, мутация тудырады. Бір литр судағы бар болғаны бір микрограмы адамды өлтіруге жетеді. Оның буының өзі аса қауіпті.

2026 жылғы 22 наурызда Байқоңырдан ұшқан Прогресс МС-33 жүк кемесі де гептилмен ұшқан. Ғарыш айлағына жеткізілген, бірақ нақты қашан ұшатыны әзірге белгісіз Прогресс МС-35 кемесіне де улы отын құйылады.

Байқоңырдан ұшқан Прогресс МС-33 жүк кемесі
Гептил жағатын Прогресс МС-33 жүк кемесінің Байқоңырдан көтерілген сәті / фото: Роскосмос

Қаншалықты қауіпті

Айта кетейік, жүк кемесін әуеге Союз-2.1а зымырын тасығыш алып шығады. Ол керосинмен ұшады. Жүк кемесі гептилді ғарыш айлағынан ұшырған кезде жақпайды, бірақ апатты жағдайда улы отын жерге төгілуі мүмкін.

«Роскосмос» гептилді отын ретінде жағатын зымыран тасығышты да Байқоңырдан ұшырып жүр. Мәселен, салмағы 700 тонна болатын «Протон-М» ғарыш айлағынан 2026 жылғы зымыран тасығышы 12 ақпанда әуеге көтерілген.

Сол кезде Kursiv.Media парламент депутатынан гептил отынына қатысты пікір сұраған. Мәжіліс өкілі Бақытжан Базарбек екі елдің үкіметі арасындағы келісім құжаттарын алып, тексеру жүргізуге уәде берген.

Ресей Байқоңырда «Протон» зымырандарын ұшыруды 2026 жылы тоқтатуы керек еді. Алайда Мәскеу олардың бәрін ұшырып үлгермей, уақытты созуды сұраған. «Роскосмос» өкілдерінің айтуынша, қазір екі ел «Протонды» ұшыру мерзімін 2032 жылға дейін созу жөнінде келіссөз жүргізіп жатыр.

Бұған дейі Kursiv.Media Қазақстанның Байқоңыр ғарыш айлағы мен ел аумағындағы әскери полигондарды Ресейге жалға беруден қанша пайда тауып отырғаны туралы жазған.

Сондай-ақ оқыңыз