
Көпқабатты үйлердегі тазалық – әр тұрғынның жауапкершілігі. Алайда кей көршілер «аз ғана уақытқа» деп есік алдына қалдырған қоқысты бірнеше күн, кейде апта бойы жинамай қояды. Мұндай әрекет үшін 39 мың теңгеге дейін айыппұл салынады.
Заң не дейді
Азаматтық істер жөніндегі заңгер Шолпан Шуюмбаева тұрғындарға мұндай жағдайда не істеу керегін түсіндірді.
«Ең алдымен фактіні тіркеу керек – қоқысты фотоға немесе видеоға түсіріп, күн мен уақытты белгілеңіз. Кейін бұл туралы ПИК-ке немесе басқарушы компанияға хабарлаңыз. Олар тұрғынға ескерту жасауға міндетті. Егер нәтиже болмаса, фото мен шағымды қоса тіркеп, әкімдікке немесе полицияға жолдаңыз», – дейді заңгер.
Құрылыс қалдығы болса..
Егер кіреберісте тұрған қалдықтар құрылыс қоқысы болса, жауапкершілік оны тастаған жұмысшыларға емес, пәтер иесіне жүктеледі.
«Пәтер иесі өз үйінде және айналасында болып жатқанның бәріне жауап береді. Оның ішінде құрылысшылар тастаған қалдықтар да бар», – деп нақтылады Шуюмбаева.
«Көршіден ұялып үндемейміз»
Маманның айтуынша, мұндай жағдайлар жиі кездеседі, бірақ көпшілік көршілермен жанжалдасудан қашып, үнсіз қалуды жөн көреді.
«Мәселені дер кезінде шешпесеңіз, ол әдетке айналады. Ал оның зардабын бүкіл үй тартады», – дейді заңгер.
Не істеу керек
- Қоқысты фото немесе бейнежазба арқылы тіркеңіз.
- ПИК-ке немесе басқарушы компанияға хабарласыңыз.
- Реакция болмаса – фото мен шағымды әкімдікке немесе полицияға жіберіңіз.
Айыппұл мөлшері
Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 505-бабына сәйкес, кіреберіс пен ортақ аумаққа қоқыс тастағаны үшін ескерту немесе 15 АЕК-ке дейін (шамамен 39 мың теңге) айыппұл салынады.
Айта кетейік, бұған дейін көпқабатты үйде тұру ережелерін бұзғандар айыппұл арқалайтынын жазғанбыз.