
Төреғали Төреәлі өзінің 10 жасар қызы Кәусардың атын беріп, ерекше балаларға арналған қайырымдылық қорын ашты, деп хабарлайды Kursiv.Media.
Ақпаратпен әлеуметтік желіде журналист Айгүл Мүкей бөлісті.
«Төреғалидің қызы Кәусардың ерекше диагнозы бар екенін өнер иесі бұған дейін де ашық айтқан еді. Бүгіннен бастап ол өз табысының 10 пайызын арнайы құрылған фондқа аударуға шешім қабылдады. Жаңа фондтың атауы — «Кәусар», – деп жазды журналист.
Оның айтуынша, қордың басты мақсаты — ерекше қажеттілігі бар балалардың емделуіне, дамуына және қоғамға бейімделуіне көмек көрсету. Қорды Төреғалидің жары Толқын басқарады.
«Төреғали қызы Кәусарға жаңа ән арнады. Әнші бұл туындысын тек әкелік сүйіспеншіліктің белгісі емес, сонымен қатар ерекше балалары бар отбасыларға қолдау көрсету бастамасы ретінде ұсынды», – деп жазды Айгүл Мүкей.
Төреғалидің жары Толқын Тұрарбекқызының айтуынша, 16 қазаннан бастап әнші ел аралап, гастрольдік тур өткізбек. Осы концерттерінен түскен табыстың 10%-ын «Кәусар» қорына аударады.
Айта кетейік, бұған дейін Төреғали сахнадан кететіні айтқан. Алайда кейіннен продюсер Жан Мұқановпен бірлесіп жаңа жоба бастайтынын жеткізген.